ӨЗ ІСІНІҢ ШЕБЕРІ
Ұстаздық – үлкен жауапкершілік пен тынымсыз еңбекті талап ететін мамандық. Сол жолда өз кәсібіне адал болып, шәкірт жүрегіне білім нұрын себе білген жандардың бірі – физика пәнінің мұғалімі, педагог-зерттеуші Сайлау Айжан.
19 жылдық еңбек тәжірибесі бар ойылдық Айжан Сайлау ұстаздық жолын Ақтөбе көлік және коммуникациялар колледжінен бастаған. Физика пәнінің күрделі тақырыптарын оқушыларға қарапайым әрі түсінікті жеткізе білуі оның кәсіби ерекшелігінің біріне айналды.
2008–2013 жылдары Ойыл қазақ орта мектебінде директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарып, ұйымдастырушылық және басқарушылық қабілетін көрсетті.
2013–2016 жылдары Құрман орта мектебінде физика пәнінің мұғалімі болып еңбек етті. Ал, 2016 жылдан бастап Ш.Бекмұхамбетова атындағы мектеп-гимназиясында ұстаздық қызметін жалғастырып келеді.
Айжанның кәсіби шеберлігі облыстық физика пәні мұғалімдері олимпиадасындағы жетістіктерінен анық көрінеді. Ол бірнеше мәрте жүлделі орындарға ие болып, өңірдегі үздік физика мұғалімдерінің қатарынан көрінді. Сонымен қатар, облыстық семинар-практикумдарда тәжірибесімен бөлісіп, жас мамандарға бағыт-бағдар беріп келеді. Әріптестері арасында ізденімпаз әрі білікті педагог ретінде танылған.
Ұстаздың басты жетістігі – шәкірттері. Оның жетекшілігімен оқушылар аудандық, облыстық және республикалық деңгейдегі білім сайыстарында жоғары нәтиже көрсетіп жүр.
Айжан Сайлау – тек білікті ұстаз ғана емес, өнегелі отбасының ұйытқысы, төрт баланың ардақты анасы. Ұстаздық пен аналық міндетті қатар алып жүрген жанның өмір жолы көпке үлгі.
Айжан Сайлау – өз ісіне берілген, білім саласында өзіндік қолтаңбасы бар ұстаз. Оның еңбек жолы үздіксіз ізденіс пен шәкірт тәрбиесіне арналған қажырлы еңбектің айғағы.