ӨНЕГЕЛІ ҰСТАЗ, БІЛІКТІ ӘДІСКЕР
Бейбітгүл Базанқызы Оспанованың өмір жолы - білімге деген құштарлық пен еңбекке деген адалдықтың шынайы көрінісі. Ол 1962 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданы, Тасбастау ауылында дүниеге келді. Оның тұлғалық қалыптасуы туған жерінен бастау алып, кейінгі бүкіл саналы ғұмыры қазақ білімі мен тәрбиесін дамытуға арналды.
Мектеп бітіргеннен кейін білім биігіне ұмтылған Бейбітгүл Базанқызы Өскемен педагогикалық институтына түсуді мақсат етеді. Еңбекқор кейіпкеріміз ауылда жұмыс істей жүріп, Шілікті совхозы директорының жолдамасымен институттың математика-физика факультетінің дайындық курсына қабылданады. Осы кезеңдегі табандылығының арқасында ол аңсаған мамандығы бойынша жоғары білім алып, ұстаздық жолын бастайды.
Бейбітгүл Базанқызының еңбек шежіресі сонау 1979 жылдан Тасбастау ауылынан бастау алады. Бүгінгі таңда оның жалпы еңбек өтілі 47 жылды құраса, соның ішінде институтта оқыған жылдарын қосқанда 43 жылын білім саласына арнаған екен.
Алғашқы еңбек жолы Тарбағатай ауданының Ахметбұлақ ауылында математика пәнінің мұғалімі болудан басталып, кейіннен еліміздің бас шаһары Алматы қаласындағы мектептерде жалғасты. 2002 жылы Өскемен қаласына оралып, Шығыс Қазақстан облысының білім беру саласындағы әдістемелік жұмыстарға белсене араласты. Облыстық ғылыми-әдістемелік орталықта әдіскер, бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарып, 2016 жылы Облыстық қосымша білім беру және дене шынықтыру орталығы директорының орынбасары лауазымына дейін көтерілді. Бүгінгі күнде осы саланың дамуына өз үлесін қосып келе жатқан білікті маман.
Бейбітгүл Базанқызының кәсіби қызметінің маңызды бір арнасы - дарынды балалармен жұмыс және рухани-танымдық байқауларды ұйымдастыру. Ол Абай оқуларының республикалық деңгейінде жоғары дәрежеде өтуіне, сондай-ақ Әбіш Кекілбаев оқулары мен басқа да дәстүрлі көркемсөз байқауларының, көптеген шығармашылық жобалардың сәтті жүзеге асуына өлшеусіз үлес қосып келеді. Оның ұйымдастыруымен 15 жыл бойы өткізіліп келе жатқан облыстық «Ясауитану» байқауы - жас ұрпақты рухани тәрбиелеудегі үлкен еңбегі. Осы жемісті жұмысының нәтижесінде 2026 жылы «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы жанындағы «Ясауитану» клубының мүшелігіне қабылданды.
Тәжірибелі маманның қажырлы еңбегі мен қоғамдық белсенділігі облыстық білім басқармасының және салалық ұйымдар тарапынан жоғары бағаланды. Ол ҚР Президентінің Жарлығымен «Қазақстан Конституциясына 25 жыл» мерекелік медалімен, ҚР министрлігінің «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» белгісімен және «Балалық шақ досы» медалімен марапатталған. Әсіресе, Абай оқуларын республикалық деңгейде өткізуге және ұйымдастыруға қосқан ерекше үлесі үшін XXV мерейтойлық республикалық «Абай оқулары» төсбелгісіне ие болды. Сонымен қатар 25 жылдай кәсіподақ мүшесі болып, қосымша білім беру орталығындағы қызметімен қатар кәсіподақ ұйымының жетекшісі міндетін абыроймен атқарды. Осы жолдағы белсенділігі үшін облыстық кәсіподақ бірлестігінің Алғыс хатымен марапатталды.
Бейбітгүл Базанқызы - өз ісіне адал, үнемі ізденіс үстінде жүретін, біліктілігін арттырудан жалықпайтын педагог-модератор. Оның өмір жолы - ауылдан шығып, білім мен табандылықтың арқасында кәсіби биіктерге жеткен ұстаздың өнегелі шежіресі.
Шығыс Қазақстан облыстық ұйымы,
Дарындылық пен қосымша білім беруді дамытудың Шығыс Қазақстан ғылыми-әдістемелік «Дарын» орталығының кәсіподақ ұйымы