ҮЛГІ ТҰТАР ТҰЛҒА
Ұлағатты ұстаз, ардақты ана, қоғам белсендісі Ізбасарова Анар апай – саналы ғұмырын білім мен тәрбие саласына арнаған өнегелі жан. 1965 жылы Қызылорда қаласындағы М.Мәметова атындағы педагогикалық училищесін тәмамдап, еңбек жолын Шаған ауылындағы №37 мектепте бастаған. 1966 жылдан бастап зейнеткерлікке шыққанға дейін өзі білім алған №35 қазақ орта мектебінде абыройлы қызмет атқарды.
1975 жылы Қызылорда педагогикалық институтының филология бөлімін бітіріп, ұстаздық жолда мол тәжірибе жинақтады. «Білім негізі бастауышта» тақырыбындағы іс-тәжірибесі аудан, облыс көлемінде таратылып, педагогикалық мақалалары «Бастауыш мектеп» журналы мен «Қазақстан мұғалімі» газетінде жарық көрді.
Ұстаздық еңбегі жоғары бағаланып, «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісімен, «Аға мұғалім» атағымен, көптеген аудандық, облыстық марапаттармен наградталды. 1988-1994 жылдары мектеп директорының бастауыш сынып жөніндегі орынбасары қызметін абыроймен атқарды.
Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, №35 И.Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейдің ардагерлер ұйымын басқарып, кейінгі ұрпаққа тәлім-тәрбие беруге үлес қосты. Елге сіңірген еңбегі үшін «Ел айнасы» номинациясымен, Сырдария ауданының 90 жылдық төсбелгілерімен марапатталған.
Ізбасарова Анар апайдың ғибратты ғұмыры, ұстаздық жолы мен адамгершілік қасиеті – кейінгі буынға әрдайым үлгі.
Қызылорда облыстық ұйымы