ЕҢБЕК ҚҰҚЫҒЫ МЕН ҚОЛДАУ ТЕТІКТЕРІ ТҮСІНДІРІЛДІ
Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы ұйымы «Қалың қалай, бастауыш?» жобасы аясында Google Meet платформасы арқылы кездесу өткізді. Онлайн басқосуға аудан орталықтарындағы 11 кәсіптік-техникалық білім беру ұйымдарының бастауыш кәсіподақ ұйымдарының мүшелері қатысты.
Кездесу барысында Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы ұйымының төрағасы Раушан Серікова ұйымның бүгінгі қызмет бағыты мен атқарылып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталды. Ол кәсіподақ ұйымының сала қызметкерлерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудағы негізгі рөлін атап өтіп, ұйымның қол жеткізген нәтижелерімен бөлісті. Сондай-ақ әлеуметтік әріптестікті дамыту, құқықтық қолдауды күшейту және ұйымдық жүйені жетілдіру бағытында атқарылып жатқан кешенді жұмыстарға ерекше назар аударылды.
Жиын барысында кәсіподақ заңгері Нұрлан Жетпісбай еңбек заңнамасының өзекті мәселелері жөнінде жан-жақты түсіндірме берді. Еңбек демалысын рәсімдеу тәртібі, қызметкерлердің құқықтары мен заң аясындағы мүмкіндіктер туралы ақпарат ұсынды. Сонымен қатар келісу комиссияларының жұмысына қатысты түсіндірмелер жасалып, еңбек дауларының туындау себептері мен оларды шешудің заңды жолдары кеңінен талқыланды.
Басқосу соңында еңбек қатынастары мен құқықтық қолдау тетіктеріне қатысты берілген түсіндірмелер қорытындыланды.
-
Фотографии
-