ЖАҢАШЫЛ ҰСТАЗ – САПАЛЫ БІЛІМ КЕПІЛІ
Ризабекова Жанымай Кесікбайқызы – Маңғыстау туризм колледжінің «Тамақтандыруды ұйымдастыру» мамандығы бойынша арнайы пән оқытушысы. Ол студенттерге сапалы кәсіби білім беру, өндірістік тәжірибемен ұштастырылған заманауи әдістерді енгізу бағытында табысты еңбек етіп келеді.
Жанымай Кесікбайқызы оқу процесінде қоғамдық тамақтандырудағы санитарлық талаптарға, тағам қауіпсіздігіне, өндірісті ұйымдастыру мен сервистік қызмет көрсетуге ерекше көңіл бөледі. Сабақта заманауи педагогикалық технологияларды тиімді қолданып, білім алушылардың кәсіби қызығушылығы мен шығармашылығын дамытуда.
Түрлі колледжішілік, облыстық және республикалық деңгейдегі кәсіби байқаулар мен әдістемелік іс-шараларға белсенді қатысып, өз тәжірибесін әріптестерімен бөлісіп жүр. Сондай-ақ студенттердің кәсіби шеберлігін шыңдайтын өндірістік тәжірибелерді жоғары деңгейде ұйымдастыруда.
Ұстаз өңірлік телеарналарға сұхбат беріп, тағам дайындау мәдениеті мен дұрыс тамақтануды кеңінен насихаттап жүр. Алғашқы сұхбатында денсаулыққа пайдалы таңғы ас пен сусындарды таныстырса, екінші эфирде ұлттық өнім – қазыны заманауи аспаздық бағытпен ұштастырып, ерекше салат дайындау әдісін көрсетті. Бұл – ұлттық тағамдарды дәріптеп, оларды қазіргі тағам индустриясына бейімдеудегі ізденісінің көрінісі.
Ғылыми-әдістемелік жетістіктері: Оқу процесінде онлайн платформаларды пайдалану арқылы білім сапасын арттыру тақырыбында ғылыми мақалалар жазып, конференцияларға қатысып келеді. «Ұлы дала ұстазы» республикалық басылымында «Білім беру платформаларын оқу процесінде қолданудың тиімділігі» мақаласы, ал «Тағылым» республикалық журналында «Wordwall және Shyraq AI платформаларын білім беру үдерісінде қолданудың тиімділігі» атты еңбегі жарық көрді.
Жанымай Кесікбайқызы – жауапкершілігі жоғары, ізденімпаз әрі шығармашыл педагог. Кәсіби біліктілігін үнемі жетілдіріп, тағам өндірісі мен қызмет көрсету саласының заманауи талаптарын оқу процесіне енгізуге атсалысып келеді. Ұжым арасында сыйлы маман ретінде танылған ұстаз студенттердің кәсіби қалыптасуына, еңбек тәрбиесіне және сапалы білім алуына елеулі үлес қосуда.
Маңғыстау облыстық ұйымы