ЖАС МАМАНДАР ТӘЖІРИБЕ АЛМАСҚАН ТАҒЫЛЫМДЫ КЕЗДЕСУ
Абай облысы Мақаншы аудандық кәсіподақ комитетінің ұйымдастыруымен жастар саясатын дамыту және жас кәсіподақ ұйымдарының жұмысын жандандыру мақсатында «Жазғы лагерь – 2026» тақырыбында семинар өтті. Іс-шара Найманбай атындағы орта мектептің мәжіліс залында ұйымдастырылды.
Семинардың негізгі мақсаты – қауіпсіз, пайдалы әрі қызықты жазғы демалыс ортасын қалыптастыру.
Шарада бірыңғай жұмыс стандарттарын енгізу, тәжірибе алмасу, жаңа ойындар мен әдіс-тәсілдерді меңгеру, қауіпсіздік алгоритмдерін бекіту міндеттері алға қойылды.
Осы мақсаттарды жүзеге асыру аясында қатысушылар үшін түрлі білім беру бағдарламалары, тимбилдингтер, тренингтер мен танымдық ойындар ұйымдастырылды.
Семинардың ашылуында Мақаншы аудандық кәсіподақ ұйымының төрағасы Мамытханов Дархан Төлегенұлы қатысушыларды құттықтап, іс-шара жұмысына сәттілік тіледі.
Күн тәртібіне сәйкес аудандық білім бөлімінің әдіскері Назым Берікболқызы жазғы сауықтыру алаңдарына қойылатын талаптармен таныстырып, түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Сондай-ақ, Найманбай атындағы орта мектеп тәрбиешісі Толғанай Бақытжанқызы өз тәжірибесімен бөлісіп, түрлі ойын әдістері арқылы тәжірибелік тренингтер өткізді.
Семинар барысында жас кәсіподақ ұйымдарын құру және олардың қызметін тиімді ұйымдастыру жолдары кеңінен талқыланды. Сонымен қатар жастардың әлеуметтік белсенділігін арттыру, еңбек құқықтарын қорғау, кәсіподақ қозғалысына жастарды тарту және сауықтыру орталықтарының жұмысын жетілдіру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Шараға білім беру ұйымдарының жас мамандары мен кәсіподақ белсенділері қатысып, өзара тәжірибе алмасты. Қатысушыларға естелік ретінде блокноттар табысталып, фуршет дастарханы ұйымдастырылды. Бұл шара жылы әрі достық атмосферада өтті.
Семинар қатысушыларға кәсіподақ қызметінің маңызын тереңірек түсінуге, жаңа бастамаларды жүзеге асыруға және жастар ұйымдарының жұмысын одан әрі дамытуға серпін берді.
Абай облыстық ұйымының, Мақаншы аудандық комитеті