ЖАС КЕЛСЕ – ІСКЕ
Рахат Қуанышбекұлы 2000 жылдың 9 тамызында Қызылорда облысы, Жалағаш ауданында дүниеге келген. 2006-2013 жылдар аралығында Ш.Ермағанбетова атындағы №246 орта мектеп қабырғасында білім алды. 2013-2018 жылдар аралығында Назарбаев Зияткерлік мектебінде білімін жалғастырып, заманауи білім беру жүйесінің артықшылықтарын меңгерді.
2018-2022 жылдар аралығында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің «Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі» мамандығы бойынша жоғары білім алып шықты. Университет қабырғасында кәсіби педагогикалық біліммен қатар, әдістемелік және ғылыми бағыттағы тәжірибелерін жетілдіріп, болашақ ұстаз ретінде қалыптасты.
2023 жылдан бастап Ш. Ермағанбетова атындағы №246 орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі қызметін атқарып келеді. Жас маман ретінде ол оқушылардың сапалы білім алуына, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіруіне және шығармашылық қабілеттерін дамытуға ерекше көңіл бөлуде.
Қуанышбекұлы Рахат – білім беру саласында ізденіске бейім, жаңашылдыққа ұмтылатын жас ұстаздардың бірі. Ұстаздың кәсіби жетістіктері де назар аударарлық. 2024 жылы «Дарынды балаларға – талантты ұстаз» облыстық педагогикалық олимпиадасының аудандық кезеңінде «Жас педагогтар» бағыты бойынша ІІ орын иеленді. Сонымен қатар «Ұстаз бейнесі» тақырыбындағы жас мамандар арасындағы аудандық эссе байқауында ІІІ орын алып, шығармашылық қабілетін көрсетті.
Сондай-ақ, «Педагогикалық идеялар фестивалі» республикалық конкурсының аудандық кезеңінде «Шеберлік палитрасы» бағыты бойынша І орын иеленуі оның кәсіби ізденісінің жемісі болды. Темірбек Жүргеновтің 126 жылдығына арналған «Темірбек Жүргенов – қазақ руханиятының көшбасшысы» атты аудандық ғылыми-практикалық конференцияда үздік баяндама оқып, Алғыс хатпен марапатталды.
«Менің Отаным – Қазақстан» республикалық слетінің аудандық кезеңінде оқушылары І орын иеленсе, облыстық кезеңде ІІІ орынға қол жеткізді. Сонымен қатар «Жарқын болашақ» республикалық олимпиадасында және түрлі ғылыми жобалар байқауларында шәкірттері жоғары нәтиже көрсетті.
Қоғамдық жұмыстарға да белсенді араласып, ел дамуына қосқан үлесі үшін марапаттарға ие болды.
Рахат Қуанышбекұлы – білім мен тәрбиені қатар ұстанған, кәсібіне жауапкершілікпен қарайтын жас педагог. Оның ұстаздық жолдағы еңбегі мен үздіксіз ізденісі – жас ұрпақтың сапалы білім алып, рухани тұрғыдан қалыптасуына бағытталған маңызды еңбек.