ТАЛДЫҚОРҒАН ИНДУСТРИЯЛЫҚ КОЛЛЕДЖІНДЕГІ КЕЗДЕСУ
Талдықорған индустриялық колледжінің бастауыш кәсіподақ ұйымында маңызды кездесу ұйымдастырылып, оған оқу орнының қызметкерлері мен кәсіподақ мүшелері қатысты. Кездесудің негізгі мақсаты – кәсіподақ ұйымының қызметін таныстыру, әлеуметтік әріптестікті нығайту және ұжым мүшелерін толғандырған сұрақтарға жауап беру болды.
Шараны колледж директоры Әсет Жұмәділов ашты. Өз сөзінде ол оқу орнының бүгінгі тыныс-тіршілігіне тоқталып, колледждің білім беру саласындағы жетістіктері, материалдық-техникалық базасының дамуы, студенттердің кәсіби даярлығы мен алдағы жоспарлары туралы жан-жақты ақпарат берді. Сонымен қатар, білім сапасын арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар мен колледж ұжымының ортақ жетістіктері туралы баяндады.
Кездесу барысында Оқу-ағарту, бюджеттік ұйымдар, ғылым және жоғары білім қызметкерлері «Жетісу» жергілікті кәсіподағының төрағасы Мэлс Төлепбергенов қоғамдық бірлестіктің негізгі бағыттары мен атқарылып жатқан жұмыстары жөнінде кеңінен мәлімет берді. Ол кәсіподақ мүшелерінің еңбек құқықтары мен әлеуметтік-экономикалық мүдделерін қорғау бағытында жүзеге асырылып жатқан шараларға тоқталды. Сонымен қатар, өңірлік деңгейде өткізілген ауқымды шаралар, сауықтыру бағдарламалары, мәдени-көпшілік және спорттық шаралар туралы айтып, кәсіподақтың қоғамдағы рөлі мен маңызын атап өтті. Кәсіподақ мүшелерін ынталандыру жұмыстарын да тілге тиек етті.
Жиынның маңызды бөлігі сұрақ-жауап алаңына арналды. Бұл бөлімде облыстық ұйымдарның заңгер-кеңесшісі Әсет Қайырхан қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жан-жақты жауап берді. Еңбек заңнамасы, әлеуметтік кепілдіктер, ұжымдық шарттың орындалуы, еңбек қатынастары мен қызметкерлердің құқықтарын қорғау мәселелері бойынша нақты түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Қатысушылар өздерін қызықтырған мәселелерге толыққанды жауап алып, құқықтық кеңестермен қамтылды.
Кездесу ашық диалог форматында өтіп, қатысушылар пікір алмасуға мүмкіндік алды. Кездесу барысында кәсіподақ ұйымы мен білім беру мекемесі арасындағы өзара ынтымақтастықты одан әрі дамыту, қызметкерлердің әлеуметтік қорғалу деңгейін арттыру және еңбек ұжымының бірлігін нығайту мәселелері кеңінен талқыланды.
Жетісу облыстық кәсіподақ ұйымының баспасөз қызметі
-
Фотографии
-