ЕҢБЕК АДАМЫ
📚 Ұстаз – ұлт болашағын тәрбиелейтін, білім мен ізгіліктің шамшырағын жағып жүретін ең қадірлі мамандық иесі. Ұстаздық жол үлкен жауапкершілікті, қажырлы еңбекті және үздіксіз ізденісті талап етеді. Сондықтан да саналы ғұмырын жас ұрпақ тәрбиесіне арнаған әрбір педагогтың еңбегі қашанда құрметке лайық.
👩🏫 Осындай абыройлы мамандықтың иесі, еңбек адамы — Нағира Аманқызы 1971 жылдың 15 желтоқсанында Ақтөбе облысы Шалқар ауданы Қопмола ауылында дүниеге келген. Ол 1988 жылы І.Үргенішбаев атындағы орта мектепті тәмамдап, кейін Ақтөбе педагогикалық училищесінде «Мектепке дейінгі мекемелердің тәрбиешісі» мамандығы бойынша білім алды. Кейін М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде жоғары білім алып, кәсіби біліктілігін арттырды.
🏫 Нағира Аманқызы еңбек жолын Шалқар қаласындағы №6 жалпы орта білім беретін мектебінде бастап, бүгінгі күнге дейін мектепалды даярлық сыныбының мұғалімі ретінде табысты қызмет атқарып келеді. Ұстаздық саладағы еңбек өтілі – 36 жыл. Осы уақыт ішінде ол өз ісіне адалдық танытып, жүздеген бүлдіршіннің алғашқы ұстазы болып, олардың білім мен тәрбие алуына зор үлес қосты.
🏆 Тәжірибелі педагог өз қызметінде жаңашылдық пен ізденісті басты қағида етіп келеді. Оның кәсіби жетістіктері мен еңбегі түрлі деңгейдегі марапаттармен бағаланған. Атап айтқанда, 2023 жылы «Көкжиек» республикалық білімділер сайты ұйымдастырған «Үздік педагог» байқауында ІІ орын иеленді. 2024 жылы Ақтөбе облысының білім басқармасының Құрмет грамотасымен марапатталды. Сонымен қатар аудандық деңгейде «Мектеп жасына дейінгі балалардың коммуникативтік дағдыларын дамыту» тақырыбындағы іс-тәжірибесімен бөліскені үшін алғыс хатқа ие болды. Ал, 2026 жылы Ақтөбе облыстық ғылыми-тәжірибелік орталығы ұйымдастырған мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту педагогтері арасындағы облыстық пәндік олимпиадада І орын алып, Білім педагогикалық шығармашылық орталығының алғыс хатымен марапатталды.
🎨 Нағира Аманқызының тәрбиеленушілері де жоғары жетістіктерге жетіп келеді. Олар «Бояулар құпиясы», «Тәуелсіздік – мәңгілік елдің тұғыры», «Қыстың ғажайып бейнесі», «KidsСтат», «Сөзбен салынған сурет», «Туған өлкем – мақтанышым» секілді түрлі байқаулар мен олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындарға ие болды. Бұл – ұстаздың кәсіби шеберлігі мен тынымсыз еңбегінің жарқын нәтижесі.
🤝 Көп жылғы адал еңбегінің арқасында Нағира Аманқызы әріптестерінің, ата-аналардың және шәкірттерінің зор құрметіне бөленді. Оның ұстаздық жолы мен еңбекқорлығы кейінгі буынға өнеге болып, білім беру саласындағы игі істерімен ел есінде қала бермек.
💐 Ұстаз еңбегі – өлшеусіз еңбек. Бүгінгі жетістіктері мен шәкірттерінің табысы Нағира Аманқызының кәсіби шеберлігі мен қажырлы еңбегінің айқын дәлелі. Осындай ұлағатты ұстаздардың арқасында еліміздің болашағы жарқын, келешек ұрпақтың іргетасы берік болмақ…
--
Ақтөбе облыстық кәсіподағы
-
Фотографии
-