ЖЫЛ ҮЗДІКТЕРІ МАРАПАТ БИІГІНЕН КӨРІНДІ
📂Ұстаз еңбегі – қашанда құрмет пен марапатқа лайық. Жас ұрпақтың саналы азамат болып қалыптасуына өлшеусіз үлес қосып жүрген педагогтердің еңбегін бағалау – игі дәстүрдің жарқын көрінісі.
🧩Осы орайда жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін Ақтөбе облысы Алға аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымының ұйымдастыруымен «Кәсіподақ ұйымы – береке мен бірлік шаңырағы» атты мерекелік кеш өтті. Оқу жылының қорытындысына арналған салтанатты шара ұстаздар қауымын бір арнаға тоғыстырып, олардың кәсіби жетістіктерін ұлықтауға арналды.
📃Мерекелік кеш барысында ұлт болашағы – жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беріп, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіруге аянбай еңбек етіп жүрген педагогтарға ерекше құрмет көрсетілді. Танымы терең, білімі кемел, жүрегі мейірімге толы ұстаздардың тынымсыз еңбегі мен білім беру саласындағы жетістіктері жоғары бағаланды.
💫Шара аясында ауданның білім беру ұйымдарында жемісті еңбек етіп жүрген 50-ге жуық үздік ұстаз салтанатты түрде марапатталып, ақшалай сертификаттарға ие болды. Бұл марапаттар ұстаздардың кәсіби шеберлігі мен жас ұрпақ тәрбиесіндегі елеулі еңбегіне берілген лайықты баға болды.
📑Кеш барысында жылы лебіздер айтылып, өнерпаздардың әсем әндері мен әсерлі қойылымдары мерекенің сәнін кіргізді. Ұстаздарға көрсетілген құрмет олардың жаңа жетістіктерге жетуіне серпін беріп, кәсіби мерейін асқақтатты.