БЕРЕКЕЛІ ҰЖЫМНЫҢ БІЛІКТІ БАСШЫСЫ
Баланың алғашқы білім мен тәрбие алатын қасиетті ордасы ол балабақша. Осы ретте, балабақшаның берекесін арттырып, ұжымның бірлігі мен ұйымшылдығын қалыптастырып, білім беру үдерісінің сапалы жүруіне бағыт-бағдар беретін тұлға ол меңгеруші. Осындай жауапты қызметті абыроймен атқарып келе жатқан білікті басшылардың бірі – Жамбыл облысы «Жәнібек» бөбекжай-бақшасының меңгерушісі Үмітжан Рүстемқызы Джапарова.
Үмітжан Рүстемқызы мектепке дейінгі білім беру саласында басшылық қызметте 2006 жылдан бері қызмет етіп келеді. Ал 2023 жылдың 11 қазанында Жамбыл ауданы білім бөлімінің №58 бұйрығына сәйкес ауыстыру тәртібімен «Жәнібек» бөбекжай-бақшасының меңгерушісі қызметіне тағайындалды. Содан бері Ерназар ауылындағы білім ордасының дамуына тың серпін беріп, мекеменің өркендеу жолында аянбай еңбек етіп келеді.
Көпжылдық тәжірибесі мен ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында білім беру ұйымының материалдық-техникалық базасын нығайтуға, тәрбие мен оқыту сапасын арттыруға, ұжымның кәсіби әлеуетін көтеруге айрықша үлес қосты. Оның басшылығымен балабақша аудан көлемінде өзіндік орны бар, тәжірибесі қалыптасқан білім ордасына айналды.
Басшы ретінде Үмітжан Рүстемқызы мекеменің ішкі және сыртқы жұмыстарын жүйелі ұйымдастырып, жаңашыл идеялар мен тиімді бастамаларды жүзеге асыруда. Ол ұжым мүшелерінің кәсіби дамуына жағдай жасап, әр қызметкердің әлеуетін ашуға ерекше көңіл бөледі. Сонымен қатар ата-аналармен тығыз байланыс орнатып, тәрбиеленушілердің жан-жақты дамуына бағытталған жұмыстардың сапалы жүргізілуін қамтамасыз етіп келеді.
Ұжым арасында сыйлы, әріптестері үшін қолдаушы, балалар үшін қамқор, ата-аналар үшін сенімді серік бола білген басшының еңбегі зор құрметке ие. Оның кәсіби шеберлігі мен іскерлігі білім беру ұйымының тұрақты дамуына негіз болып отыр. Осындай күрделі де жауапты міндетті жоғары деңгейде атқарып жүрген Үмітжан Рүстемқызының еңбек жолы кәсібіне адалдықтың, табандылық пен жауапкершіліктің жарқын үлгісі.
Ұрпақ тәрбиесі жолындағы еселі еңбегі мен ұйымдастырушылық қабілеті арқылы ол мектепке дейінгі білім беру саласының дамуына өз үлесін қосып, көптеген әріптестеріне үлгі болып келеді. Осындай білікті басшының еңбегі әрдайым құрмет пен марапатқа лайық.
Жамбыл облыстық ұйымы.