ЖАС КЕЛСЕ - ІСКЕ
Ұстаздық – тек білім берумен шектелмейтін, ұлт болашағын қалыптастыратын қасиетті мамандық. Осындай жауапкершілігі мол жолда табанды еңбек етіп жүрген жас педагогтардың бірі – Саймов Саламат Мақсотұлы.
Саламат Саймов Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданының Қарабұтақ ауылында қарапайым еңбекқор отбасында дүниеге келген. Әкесі Мақсот Әбсетұлы ұзақ жылдар бойы энергетика саласында қызмет атқарса, анасы Гүлжан Жылкелдіқызы метеостанцияда еңбек етіп, бүгінде зейнеткерлік демалыста. Көпбалалы отбасында тәрбиеленген Саламат бүгінде өзі де өнегелі отбасының иесі, төрт баланың әкесі.
Білімге құштар жас 2008 жылы Қарабұтақ ауылындағы Т.Г.Шевченко атындағы орта мектепті тәмамдап, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқуға түседі. Жоғары оқу орнын үздік дипломмен аяқтап, магистратурада білімін жалғастырып, филология ғылымдарының магистрі дәрежесін алады.
Еңбек жолын 2016 жылы Ақтөбе қаласындағы №11 орта мектеп-гимназиясында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі ретінде бастаған ол, 2017 жылдан бері туған жеріндегі Қ.Шаңғытбаев атындағы жалпы орта білім беретін мектепте шәкірт тәрбиелеп келеді.
Ұстаздық қызметінде Саламат Саймов кәсіби біліктілігімен, жаңашылдығымен және қоғамдық белсенділігімен ерекшеленеді. Ол білім беру жүйесінде цифрлық технологияларды тиімді пайдалану арқылы оқушылардың функционалдық сауаттылығын арттыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Оның «Цифрлық кеңістік: тілдік шеберлік пен медиамәдениетті дамыту» атты авторлық бағдарламасы білім беру үдерісіне сәтті енгізіліп, тәжірибесі облыстық және республикалық деңгейде таратылуда.
2024 жылы Оқу-ағарту министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырған «Үздік авторлық бағдарлама» республикалық байқауында І орын иеленуі – педагогтың шығармашылық ізденісінің жарқын нәтижесі. Сонымен қатар облыстық пәндік олимпиадалар мен республикалық педагогикалық байқауларда бірнеше мәрте жүлдегер атанып, кәсіби шеберлігін дәлелдеді.
Ұстаз еңбегінің нәтижесі шәкірт жетістіктерінен көрінеді. Саламат Саймов дайындаған оқушылар республикалық және облыстық деңгейдегі пәндік олимпиадаларда, оқуларда, шығармашылық және эссе байқауларында жоғары нәтижелер көрсетіп, жүлделі орындарға ие болып келеді. Әсіресе Мәшһүр-Жүсіп, Мағжан, Мұқағали, Махамбет, Абай оқулары мен өзге де республикалық шығармашылық байқаулардағы жетістіктері ұстаз еңбегінің жемісті екенін айқын аңғартады.
Қоғамдық жұмыстарға да белсене араласатын Саламат Мақсотұлы Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы жанындағы Жастар кеңесінің мүшесі, әрі Әйтеке би аудандық білім қызметкерлері кәсіподағы ұйымы жанынан құрылған Жастар кеңесінің төрағасы ретінде жастардың бастамаларына қолдау көрсетіп келеді. Кәсіподақ қызметіндегі белсенділігі үшін 2025 жылы республикалық «Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды.
Еңбек жолында ол Қазақстандық оқу-ағарту , ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіподағының, Ақтөбе облыстық білім басқармасының, облыстық ғылыми-тәжірибелік және әдістемелік орталықтардың алғыс хаттары мен марапаттарына ие болды. 2023 жылы «Қазақстанның үздік ауыл жастары» төсбелгісімен марапатталуы да оның қоғамдағы белсенді орны мен еңбегінің лайықты бағаланғанын көрсетеді.
Ұстаздықпен қатар Саламат Саймовтың шығармашылық қыры да ерекше. Ол ақындық және сазгерлік өнерді қатар алып жүріп, елуден астам авторлық әннің дүниеге келуіне себепкер болды. Оның туындылары облыстық және республикалық деңгейдегі мәдени шараларда орындалып келеді.
Білім мен тәрбиені ұштастыра отырып, қоғамдық жұмыстар мен шығармашылықты қатар алып жүрген Саймов Саламат Мақсотұлы – жас болса да ел сенімін ақтап жүрген білікті педагог, жаңашыл ұстаз. Осындай еңбекқор жастардың табысы – еліміздің жарқын болашағының кепілі.
-
Фотографии
-