ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТӘЖІРИБЕ – ЕҢБЕККЕРЛЕР ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУҒА ТЫҢ СЕРПІН
Еңбек адамының құқықтарын қорғау, әлеуметтік әділеттілікті нығайту және лайықты еңбек қағидаттарын ілгерілету – кәсіподақ қозғалысының басты міндеттерінің бірі. Бүгінде еңбек саласындағы жаһандық өзгерістер мен жаңа сын-қатерлер халықаралық тәжірибе алмасудың маңызын арттырып отыр.
Осы тұрғыдан алғанда халықаралық деңгейдегі беделді алаңдарға қатысу кәсіподақ қызметін жетілдіруге және заманауи үрдістерді зерделеуге зор мүмкіндік береді. Ағымдағы жылдың 1–8 маусым аралығында Еуропа төрі – Женева қаласында өткен Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) Халықаралық еңбек конференциясының 114-сессиясына Салалық кәсіподақтың Түркістан облыстық ұйымының төрағасы Жандос Шайдуллаұлы қатысып, халықаралық еңбек қоғамдастығының күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылауға арналған беделді алаң жұмысымен танысты.
Әлемнің 187 мемлекетінен келген үкімет, жұмыс берушілер және жұмыскерлер өкілдері бас қосқан конференцияда әлеуметтік әділеттілік, лайықты еңбек жағдайларын қамтамасыз ету, еңбек құқықтарын қорғау, әлеуметтік әріптестікті дамыту және еңбек нарығындағы заманауи өзгерістер кеңінен талқыланды. Халықаралық жиын еңбек саласының бүгіні мен болашағын айқындайтын маңызды алаңдардың бірі ретінде ерекшеленді.
Конференцияның негізгі тақырыптарының қатарында цифрлық трансформация, жасанды интеллекттің еңбек қатынастарына әсері, платформалық экономика жағдайындағы жұмыскерлердің құқықтарын қорғау және әлеуметтік кепілдіктерді жетілдіру мәселелері болды.
Әлемдік деңгейдегі пікірталастар барысында технологиялық дамумен қатар еңбек адамының мүддесін қорғау мәселесіне ерекше назар аударылды. Сессия аясында өткен жалпы пікірталастарға, комитет отырыстарына және халықаралық кездесулерге қатысу еңбек саласындағы озық тәжірибелермен танысуға мүмкіндік берді. Сондай-ақ әртүрлі мемлекеттердің кәсіподақ өкілдерімен пікір алмасу арқылы еңбеккерлердің құқықтарын қорғау, әлеуметтік әріптестікті дамыту және кәсіподақ қозғалысының тиімділігін арттыру бағытындағы тәжірибелер зерделенді.
Халықаралық еңбек ұйымының штаб-пәтерінде өткен кездесулер мен конференция барысында көтерілген бастамалар еңбек саласындағы жаңа үрдістерді тереңірек түсінуге жол ашты. Мұндай тәжірибе өңірдегі кәсіподақ қызметін жетілдіруге, еңбеккерлердің әлеуметтік-экономикалық мүдделерін қорғау бағытындағы жұмыстардың тиімділігін арттыруға және халықаралық тәжірибені жергілікті деңгейде қолдануға негіз болады.
Осы маңызды халықаралық конференцияға қатысуға мүмкіндік жасап, қолдау көрсеткен Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Телағысұлы Дәулеталинге және Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағының төрағасы Айгүл Мақсатқызы Мұқашеваға шынайы алғысымызды білдіреміз.
Халықаралық тәжірибе мен озық бастамаларды тиімді пайдалана отырып, еңбек адамдарының құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, әлеуметтік әріптестікті нығайту және кәсіподақ қызметінің әлеуетін арттыру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табады.
-
Фотографии
-