ЖАС КЕЛСЕ – ІСКЕ
Қоғамның дамуы мен ұлт болашағы білімді, белсенді жастарға байланысты. Жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беріп жүрген жас ұстаздардың орны ерекше. Солардың бірі – Қобда аудандық білім қызметкерлері кәсіподағы ұйымының Жастар кеңесінің төрағасы, жас педагог Жандос Нұрлыбай.
Жандос Нұрлыбай 1994 жылдың 6 маусымында Ақтөбе облысы Ойыл ауданының Тайсойған ауылында дүниеге келген. Бала кезінен білімге құштар болып өскен ол жоғары білімін Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде жалғастырып, 2016 жылы «Филология» мамандығы бойынша бакалавр дәрежесін алды. Кейін Башқұрт мемлекеттік университетінің магистратурасында оқып, 2019 жылы «Педагогикалық білім беру» бағыты бойынша магистр атанды.
Еңбек жолын 2016 жылы Калиновка орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі ретінде бастаған жас маман кәсіби біліктілігімен және ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түсті. 2019 жылдан бастап Қобда қазақ орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі әрі директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарып, білім мен тәрбиені ұштастыру бағытында нәтижелі еңбек етіп келеді.
Жандос Нұрлыбай педагогика мен психология салаларын қатар алып жүрген маман. Ол Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің «Денсаулық және салауаттылық» орталығында басшы әрі психотерапевт ретінде қызмет атқарып, жастардың психологиялық саулығын нығайтуға бағытталған жобаларды жүзеге асырды. Бұл оның шәкірттердің жан дүниесін терең түсінетін ұстаз ретіндегі қырын айқындай түсті.
Қазіргі таңда ол қоғамдық жұмыстарға да белсенді араласып келеді. Қобда аудандық кәсіподақ жастарының төрағасы ретінде жастардың әлеуметтік белсенділігі мен кәсіби дамуына ықпал етіп, түрлі бастамалардың жүзеге асуына мұрындық болып жүр.
Заманауи білім беру үдерісінен қалыс қалмайтын ұстаз жаңа технологияларды оқу-тәрбие жұмысына тиімді енгізуге ерекше мән береді. Жасанды интеллект мүмкіндіктерін, цифрлық платформалар мен медиа құралдарды пайдалану арқылы оқушылардың шығармашылық және зерттеушілік қабілеттерін дамытуға көңіл бөліп келеді. Сонымен қатар мектеп жанындағы «ҚобдаТВ» телестудиясына жетекшілік жасап, оқушылардың журналистика, медиасауаттылық және цифрлық контент әзірлеу дағдыларын қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізуде.
Жас ұстаздың кәсіби жетістіктері де аз емес. Ол республикалық «Үздік жас ұстаз – 2018» төсбелгісінің иегері атанып, «Үздік қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі – 2018» байқауында І орынға ие болды. Сондай-ақ республикалық «Дарынды балаларға – талантты ұстаз» педагогикалық олимпиадасының Бас жүлдесін жеңіп алды. 2021 жылы «Педагог-сарапшы» біліктілік санатын қорғады. Ғылыми-әдістемелік бағытта да еңбек етіп, «Қазақ тіл білімі» электрондық білім беру орталығының авторы атанды және бірқатар мақалалар жариялады.
Ұстаздың еңбек жолындағы маңызды бағыттардың бірі – дарынды оқушылармен жұмыс. Оның жетекшілігімен шәкірттері аудандық, облыстық және республикалық деңгейдегі олимпиадаларда, ғылыми жобаларда, әдеби оқулар мен шығармашылық байқауларда жоғары нәтижелер көрсетіп келеді. Соңғы жылдары оқушылары облыстық пәндік олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері атанып, Мұқағали, Ілияс, Қобыланды оқулары сияқты беделді білім додаларында топ жарып жүр.
«Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасының қатысушысы ретінде ауыл мектебінде еңбек етіп жүрген Жандос Нұрлыбай туған елдің болашағы ауыл мектебінен басталатынын терең түсінеді. Сондықтан білім беру сапасын арттыруға, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және жас ұрпақтың рухани дүниесін байытуға аянбай еңбек етіп келеді.
Жандос Нұрлыбайдың өмірлік ұстанымы – үздіксіз даму, ізденіс және шәкірт жүрегіне жол табу. Оның кәсіби жолы ауыл мектебінен басталып, білім, ғылым, психология және қоғамдық қызмет салаларын тоғыстырған мазмұнды еңбек жолына ұласты. Жас болса да мол тәжірибе жинақтап, сан шәкірттің шамшырағына айналған ұстаздың еңбегі – кейінгі буынға үлгі. Расында, осындай талапты жастарға қарап, халқымыздың «Жас келсе – іске» деген даналық сөзі еріксіз ойға оралады.