ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗ, БІЛІКТІ БАСШЫ
Білім беру саласы — үлкен жауапкершілік пен төзімділікті талап ететін, еңбегі ерен қасиетті қызмет. Осы салада 43 жыл бойы үзіліссіз еңбек етіп келе жатқан Шығыс Қазақстан облысы, Ұлан ауданы, «Таврия орта мектебі» КММ директоры Мұхитов Мұхамедсапа Фазылжанұлы есімі өңірде құрметпен аталады. Оның ішінде 35 жыл бойы бір білім ошағының тізгінін үзіліссіз ұстап, мектепті облыстағы маңдайалды білім ұяларының біріне айналдыруы — нағыз еңбекқорлық пен кәсібиліктің үлгісі.
Мұхамедсапа Фазылжанұлы өз қызметінде шәкірттердің шығармашылық қабілетін ұштау мен сапалы білім алуына басты назар аударып келеді. Басшының жүйелі жұмысының арқасында мектеп оқушыларының үлгерімі мен білім сапасы жыл санап артып келеді.
Тек қана үстіміздегі 2025-2026 оқу жылының өзінде мектеп оқушылары облыстық пәндік олимпиадаларда 6 жүлделі орынды қанжығасына байлады. Бір оқушы облыс жеңімпазы атанып, Республикалық пәндік олимпиадада ІІІ орынға ие болды. Сонымен қатар, мектеп түлектері жыл сайын «Алтын белгі» мен «Үздік аттестат» иегерлері қатарын толықтыруда. Мәселен, өткен оқу жылында мектепті «Алтын белгімен» бітірген түлек ҰБТ-дан 127 балл жинап, мемлекеттік грант иегері атанса, биылғы оқу жылында да жоғары көрсеткіштер жоспарланып отыр.
Мамандығы тарихшы Мұхамедсапа Фазылжанұлы мектепте ғылыми-зерттеу және өлкетану жұмыстарын жоғары деңгейге қойған. Белгілі археолог-ғалым Зейнолла Самашевтың жетекшілігімен және кеңесімен мектеп мұғалімдері мен оқушылары Таврия өңіріндегі ХVІІІ-ХІХ ғасырларға жататын «Балбал» тастар мен қола дәуірінің кең орындарын зерттеп, іргелі ғылыми жобалар дайындады.
Бұл зерттеулердің, сондай-ақ патриоттық тәрбиенің негізгі ошағы ретінде 2005 жылы мектеп директорының бастамасымен ашылған тарихи-өлкетану мұражайының орны ерекше. Бұл мұражай 2018 жылы «Үздік мектеп мұражайы» республикалық сайысында облыстық кезеңде Гран-при, ал республика деңгейінде жүлделі ІІІ орынды иеленді.
«Таврия орта мектебінің» спорттағы жетістіктері де республика жұртшылығын тамсандырып келеді. Биылғы оқу жылында «Мектеп лигасы» жарысында жеңіл атлетикадан мектептің қыздар командасы Қазақстан Республикасының чемпиондары атанды. Сондай-ақ, ұзындыққа секіру мен 100 метрге жүгіруден екі оқушы Республика рекордын жаңартты. Қыздардың футзал командасы облыста 1-орын, республикада 4-орынға табан тіресе, 5-6 сынып оқушылары да облыстық кезеңде топ жарып, қазіргі уақытта республикалық додаға дайындалуда.
Мектеп ұжымы мен басшысының еңбегі жоғары деңгейде бағаланған. Кезінде Білім және ғылым министрі болған А.Аймағамбетов мектепке арнайы ат басын бұрып, материалдық-техникалық базасына, ішкі безендірілуі мен ауланың абаттандырылуына өте жоғары баға берген. Сондай-ақ, Шығыс Қазақстан облысының қазіргі әкімі Н.А.Сақтағановта ауданды басқарған тұста мектеп жұмысын, әсіресе білім ұясының музейін сан мәрте үлгі етіп көрсеткен болатын.
Мұхамедсапа Фазылжанұлының білім саласына қосқан үлесі мемлекет тарапынан лайықты бағаланып келеді. Оның марапаттар қоржынында:
«Шапағат» медалі (ҚР Президентінің Жарлығымен, 2023 ж.), «Еңбек ардагері» медалі (ҚР Оқу-ағарту министрлігі, 2023 ж.), «Астананың 20 жылдығы» және «Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік медальдары; Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасы, «Құрметті ұстаз» медалі және өзге де көптеген салалық марапаттар бар.
Бүгінгі таңда жоғары және екінші санатты басшы Мухамедсапа Фазылжанович алға қойған мақсаттары мен тың идеялары әлі де көп. Ол мемлекетіміздің басты бағдарларының бірі — «Адал азамат» бағдарламасын іске асыру жолында шығармашыл ұжымымен бірге жаңа белестерді бағындыруды көздеп отыр.
Ұлағатты ұстаздың еңбегі жана берсін, шәкірттері биіктен көріне берсін демекпіз!
Шығыс Қазақстан облысы Ұлан аудандық кәсіподақ ұйымы