СПОРТ ПЕН ТӘРБИЕНІ САБАҚТАСТЫРҒАН ҰСТАЗ
Қоғамда өз ісіне адал, еңбегімен құрметке бөленген жандар аз емес. Сондай азаматтардың бірі Жамбыл облысы Жамбыл ауданының тумасы, ұзақ жылдар бойы жас ұрпақ тәрбиесіне үлес қосып келе жатқан ұстаз Рысбек Әбдібекұлы Дженбаев.
Ол 1964 жылдың 5 сәуірінде Жамбыл облысы, Жамбыл ауданының Қаратау ауылында дүниеге келген. Балалық шағынан спортқа жақын болып өскен Рысбек Әбдібекұлы салауатты өмір салтын ұстанып, дене шынықтырудың адам өміріндегі маңызын ерте түсінді. Кейін осы қызығушылығы оны ұстаздық жолға жетеледі.
Еңбек жолын білім саласымен байланыстырып, 2000 жылдан бері Тұрар Рысқұлов атындағы орта мектепте дене шынықтыру және алғашқы әскери дайындық пәндерінің мұғалімі болып қызмет атқарып келеді. Осы жылдар ішінде ол жүздеген шәкірт тәрбиелеп, олардың спортқа қызығушылығын арттыруға, тәртіп пен жауапкершілікке баулуға күш салды.
Ұстаз үшін әр оқушының жетістігі үлкен қуаныш. Рысбек Әбдібекұлының жетекшілігімен тәрбиеленген көптеген оқушылар аудандық, облыстық, республикалық жарыстарда жүлделі орындарға ие болып, мектеп намысын абыроймен қорғап жүр. Әріптестері оны сабырлы мінезімен, еңбекқорлығымен және талапшылдығымен бағалайды. Ұжым арасында сыйлы, оқушылар арасында беделді ұстаз ретінде танылған. Жас мамандарға ақыл-кеңесін айтып, тәжірибесімен бөлісуден де ешқашан жалыққан емес.
Ұстаздық қызметпен қатар ол отбасының да тірегі. Жұбайымен бірге екі ұл мен бір қыз тәрбиелеп өсіріп, оларды еңбекқорлыққа, адамгершілікке баулыды. Бүгінде балаларының жетістігін көріп, ұрпағының қызығын көріп отырған ардақты әке.
Биыл еңбек жолында ширек ғасырдан астам уақытын өткізген Рысбек Әбдібекұлы әлі де өз ісіне деген жауапкершілігін жоғалтқан жоқ. Күн сайын мектеп табалдырығын аттап, шәкірттеріне білім мен тәрбие беруді өзінің азаматтық парызы санайды. Өз өмірін жас ұрпақ тәрбиесіне арнап, талай шәкірттің өмір жолына бағыт-бағдар берген Рысбек Әбдібекұлы сияқты ұстаздардың еңбегі қашанда құрметке лайық.
Жамбыл облыстық ұйымы