ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАНДА КӘСІПОДАҚ ҚЫЗМЕТІНІҢ БАСЫМ БАҒЫТТАРЫ АЙҚЫНДАЛДЫ
Шығыс Қазақстан облысы оқу-ағарту, жоғары білім, ғылым және басқа бюджеттік ұйымдар қызметкерлерінің жергілікті кәсіподақ ұйымы Атқару комитетінің онлайн форматтағы кезекті отырысы өтті. Жиынға кәсіподақ төрағасы Назгүл Қасенова, Атқару комитетінің мүшелері, аппарат қызметкерлері және аудандық, қалалық кәсіподақ көшбасшылары қатысты. Күн тәртібінде барлығы 12 мәселе қаралды.
Облыстық кәсіподақ ұйымының 2026 жылға арналған жұмыс жоспарына сәйкес, бірқатар аудандық және қалалық ұйымдардың қызметіне кешенді тексеру жұмыстары жүргізілген болатын. Кезекті отырыста осы тексерулердің қорытындылары тыңдалып, жан-жақты талқыланды.
Басты назар аударылған мәселелер:
кәсіподақ ұйымдарының барлық деңгейдегі жұмысында заңдылық нормаларының сақталуы;
кәсіподақ мүшелігіне қабылдау процесі және қызметкерлер өтініштерінің есепке алынуы;
мүшелік жарналардың дұрыс ұсталуы мен аударылуы;
жалақының уақытылы төленуі және кезекті еңбек демалысы ақысының (сауықтыру жәрдемақысымен бірге) дұрыс әрі толық көлемде есептелуі.
Білім беру қызметкерлері кәсіподағының Тарбағатай аудандық ұйымының жұмысын кешенді тексеру қорытындысы туралы топ жетекшісі, бас бухгалтер Р.Ибраева баяндама жасады.
Тексеру жұмыстары «Қ.Билялов атындағы мектеп-лицейі» КММ, «Жамбыл атындағы мектеп-балабақша кешені» КММ, «А. Байтұрсынов атындағы орта мектеп» КММ және «Балауса-Балғын» бөбекжайы КМҚК сияқты бірқатар білім беру мекемелерінде жүргізілді. Негізгі назар жарналардың дұрыс ұсталуына және Ұжымдық келісімшарт бойынша көрсетілген әлеуметтік кепілдіктердің пайдаланылуына аударылды.
Аудандық ұйымға хаттамаларды жүргізу мен рәсімдеу тәртібін қолданыстағы іс қағаздарын жүргізу талаптарына сәйкес жүйелеу, істер номенклатурасын бекіту, сондай-ақ кәсіподақ сметаларын (әрбір іс-шара бойынша шығыстарды) және жеке құрам мен негізгі қызмет жөніндегі бұйрықтарды бекітілген талаптарға сәйкестендіру тапсырылды. Бухгалтерлік есеп жұмысын ұйымның есеп саясатына және ҚР «Бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы» Заңының талаптарына сай уақтылы жүргізу қажеттілігі де қаралды.
Өскемен қалалық кәсіподақ ұйымының жұмысына жүргізілген сараптама нәтижелерін топ жетекшісі, бас маман А.Қонакбаева таныстырды.
Тексерумен «Сәулетай» №4 балабақша-бөбекжайы, №24 орта мектеп, №49 жалпы білім беретін мектеп және М. Шаяхметов атындағы №23 орта мектеп қамтылды.
Мұнда іс қағаздарының номенклатурасы, жылдық жоспардың орындалуы және хаттамалардың талапқа сай жүргізілуі зерттелді. 2025 жылғы салыстыру актілері ұсынылып, жарналардың толық көлемде аударылғаны нақтыланды.
Дегенмен, кадрлық резервті қалыптастыру, белсенділердің тізімдерін жүйелі жүргізу және ақпараттық жұмысты жандандыру бойынша бірқатар ұсыныстар берілді.
Күршім және Марқакөл аудандарының білім беру қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымдарына әдістемелік көмек көрсету қорытындылары да назардан тыс қалмады. Іс қағаздарын жүргізу деңгейі, хаттамалар мен қаулылардың толтырылуы, мүшелікке қабылдау құжаттарының реттілігі жеке-жеке талданды. Атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарды бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде жариялау (имидждік жұмыс) мәселесіне ерекше екпін түсіріліп, анықталған кемшіліктерді жою жолдары көрсетілді.
Тікелей облыстық ұйымға қызмет көрсетудегі «Самар аграрлық-техникалық колледжі» КММ бастауыш кәсіподақ ұйымындағы еңбекті қорғау және қауіпсіздік техникасы бойынша жұмыстың жай-күйі туралы маман Қ.Жексембаев баяндады.
Колледждегі материалдық-техникалық базаның дайындық деңгейі жоғары деп бағаланды. Сонымен қатар, жақсартуды қажет ететін бағыттар:
қызметкерлерді ішкі бұйрықтармен уақытылы таныстыру және қол қойғызу арқылы таныстыру жұмысын күшейту;
ерікті өрт сөндіру тобының қызметін сапалы әрі толық көлемде құжаттандыру;
төтенше жағдайлар кезіндегі эвакуациялық жаттығуларды міндетті түрде өткізіп, хаттамалап отыру.
Күн тәртібіндегі ұйымдастырушылық мәселелер бойынша тиісті қаулылар қабылданып, нақты шешімдер шығарылды. Жылдық жоспарға сәйкес кешенді тексеру жұмыстары алдағы уақытта өз жалғасын табады. Келесі кезекте Глубокое, Шемонаиха, Самар және Зайсан аудандарының кәсіподақ ұйымдары әртүрлі бағыттар бойынша тексерілетін болады.
Отырыс соңында кәсіподақ төрағасы Назгүл Қасенова әрбір мекеменің әлеуметтік әріптестерімен және бастауыш ұйым төрағаларымен бірлесіп, анықталған кемшіліктер бойынша шұғыл жұмыс жүргізуді жүктеді. Әлеуметтік әріптестік туралы келісімшарттардың нақты орындалуына және облыстық кәсіподақ ұйымына мүшелік жарналардың тұрақты әрі толық аударылуына бақылауды барынша күшейту тапсырылды. Кемшіліктерді түзету үшін нақты мерзімдер белгіленді.
Сонымен қатар, кәсіподақ мүшелерінің жазғы демалысының басталуына байланысты барлық аудандық және қалалық ұйымдарда қызметкерлердің жалақысы мен сауықтыру жәрдемақысын уақтылы әрі толық көлемде алуын жіті қадағалау қажеттілігі айтылды. Осы бағытта облыстық ұйым мамандарына кураторлық негізде тұрақты мониторинг жүргізу тапсырылды.
Шығыс Қазақстан облыстық ұйымы