ЕҢБЕК ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ ТЕТІКТЕРІН ЖЕТІЛДІРУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ҚАРАЛДЫ
Еңбек адамының құқықтарын қорғау, қауіпсіз еңбек жағдайларын қалыптастыру және әлеуметтік әріптестікті дамыту – бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің бірі. Осы бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жетілдіру мақсатында Түркістан облысында еңбек қатынастары мен еңбек қауіпсіздігі мәселелеріне арналған маңызды кездесу өтті.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ербол Тұяқбаевтың өңірге жұмыс сапары аясында Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментінде кеңейтілген жиын ұйымдастырылып, еңбек заңнамасының сақталуы, өндірістегі жазатайым оқиғалардың алдын алу және еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы өзекті мәселелер жан-жақты талқыланды.
Жиынға Салалық кәсіподақтың Түркістан облыстық ұйымы төрағасының орынбасары Е.Исатаев қатысты. Басқосуда өңірдегі еңбек қатынастарының жай-күйі, өндірістік жарақаттану көрсеткіштері, еңбек дауларының алдын алу және кәсіпорындардағы еңбек қауіпсіздігін күшейту мәселелері кеңінен қаралды. Қатысушылар еңбек қауіпсіздігі мәдениетін арттыру мен жұмыс берушілердің жауапкершілігін күшейтудің маңыздылығын атап өтті.
Кездесу қорытындысында еңбек құқықтарын қорғау тетіктерін жетілдіру, өндірістік жарақаттардың алдын алу шараларын күшейту және әлеуметтік әріптестікті нығайту бойынша нақты міндеттер белгіленді.
Түркістан облыстық ұйымы еңбеккерлердің заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау, лайықты еңбек жағдайларын қалыптастыру және әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарға алдағы уақытта да белсенді атсалыса береді.
-
Фотографии
-