ЖАС КЕЛСЕ - ІСКЕ
Еліміздің білім саласында кәсіби біліктілігімен, шығармашылық ізденісімен және қоғамдық белсенділігімен ерекшеленіп жүрген жас мамандар аз емес. Солардың бірі – Темір аудандық білім қызметкерлері кәсіподағы ұйымы Жастар кеңесінің төрағасы, химия пәнінің мұғалімі Азамат Сұлтанәлі Бауыржанұлы.
Азамат Сұлтанәлі Бауыржанұлы 2000 жылдың 28 тамызында Ақтөбе облысы Темір ауданына қарасты Бабатай ауылында дүниеге келген. Бала күнінен білімге құштар болып өскен жас маман ұстаздық жолды таңдап, өз өмірін өскелең ұрпақ тәрбиесіне арнады.
Еңбек жолын 2022 жылы Ойыл ауданындағы Қараой мектеп-балабақшасында химия пәнінің мұғалімі ретінде бастады. Сол жылы азаматтық борышын өтеп, 2022–2023 жылдары Ақтау қаласындағы 6656 әскери бөлімінде әскери қызмет атқарды. Әскерден кейін туған өлкесіне оралып, №1 Шұбарқұдық мектеп-гимназиясында химия пәнінің мұғалімі қызметін жалғастырды.
Қысқа уақыт ішінде кәсіби шеберлігімен көзге түскен жас ұстаз түрлі деңгейдегі байқаулар мен олимпиадаларда жоғары нәтижелерге қол жеткізді. 2023 жылы өткен облыстық «Үздік сандық жас химия пәні мұғалімі» байқауында жүлделі ІІІ орынды иеленсе, 2024 жылы химия пәні мұғалімдері арасындағы облыстық пәндік олимпиадада ІІІ орынға лайық деп танылды. Сонымен қатар республикалық «Химиядан күрделенген және олимпиадалық есептерді шығару» олимпиадасында ІІ орын алып, халықаралық педагогикалық олимпиадада І орын иегері атанды.
Дарынды оқушыларды тәрбиелеудегі табысты еңбегі де жоғары бағаланды. «Дарынды балаларға – талантты ұстаз» байқауының аудандық кезеңінде бірнеше мәрте жүлдегер атанып, 2026 жылы аудандық кезеңде ІІ орын, облыстық кезеңде ІІ орын иеленіп, республикалық кезеңде грамотаға қол жеткізді.
Педагогтың кәсіби дамуға деген ұмтылысы тәжірибе алмасу алаңдарында да айқын көрінеді. 2026 жылы аудандық «BALANCE – үш әлем үндестігі» семинарында, облыстық деңгейде «Жасанды интеллектіні химия пәнінде тиімді қолдану» тақырыбында және Алматы қаласында өткен республикалық семинарда жаратылыстану пәндерін оқытудағы тың әдістер жөнінде тәжірибесімен бөлісті. Сондай-ақ, облыстық «AI ORTA – жас педагогтердің кәсіби дамуы» лагеріне қатысып, жаңашыл идеялары мен шығармашылық ізденісі үшін арнайы алғыс хатпен марапатталды.
Азамат Сұлтанәлі Бауыржанұлы үшін мұғалімдік – тек білім беру емес, оқушының тұлғалық қалыптасуына бағыт беретін жауапты міндет. Шәкірттерімен өзара сенім мен сыйластыққа негізделген қарым-қатынас орнатқан ұстаз әр баланың мүмкіндігін ашуға ерекше көңіл бөледі.
Қоғамдық жұмыстардан да шет қалмайтын Сұлтанәлі Азамат мектеп өміріндегі түрлі бастамалардың бел ортасында жүріп, ұйымдастырушылық қабілетімен әріптестерінің құрметіне бөленіп келеді. Бүгінде ол жас ұрпаққа сапалы білім беруді, кәсіби дамуды және қоғамдық белсенділікті қатар алып жүрген жаңашыл ұстаздардың жарқын өкілі саналады.