ЖАС КЕЛСЕ - ІСКЕ
Білім мен технологияны ұштастырып, жас ұрпақтың цифрлық сауаттылығын дамытуға үлес қосып жүрген жас педагогтардың бірі – Алға аудандық білім қызметкерлері кәсіподағы ұйымы Жастар кеңесінің төрағасы Үсенов Жандарбек Асылбекұлы. Ол 2002 жылғы 19 қарашада Өзбекстан Республикасының Қарақалпақстан өңіріндегі Нүкіс қаласында дүниеге келген. Мектеп қабырғасынан қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, математика мен информатика пәндеріне ерекше қызығушылық танытты. Осы қызығушылығы оны Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде «Информатика» білім беру бағдарламасы бойынша білім алуға жетеледі.
Жоғары оқу орнын тәмамдағаннан кейін еңбек жолын №3 Алға қазақ орта мектебінде бастап, бүгінде осы білім ордасында информатика пәнінің мұғалімі қызметін атқарып келеді.
Жандарбек Үсенов кәсіби ізденісі мен педагогикалық шеберлігінің арқасында түрлі деңгейдегі байқаулар мен олимпиадаларда жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Атап айтқанда, информатика пәні мұғалімдері арасындағы облыстық пәндік олимпиадада 2024 жылы І дәрежелі дипломға, 2025 жылы Бас жүлдеге ие болды. Сондай-ақ облыстық кәсіби байқаулар мен академиялық жарыстардың жүлдегері атанып, 2026 жылы өткен «Үздік информатика пәні мұғалімі – 2026» аудандық байқауында І дәрежелі дипломмен марапатталды.
Педагог заманауи білім беру үрдістерінен қалыс қалмай, жасанды интеллект, цифрлық білім беру және мұғалімдердің кәсіби дамуына арналған облыстық және аудандық семинарларға белсенді қатысып келеді. Осы бағыттағы еңбегі үшін Ақтөбе облыстық әдістемелік орталығы, «Ақтөбе-Дарын» өңірлік ғылыми-тәжірибелік қосымша білім беру орталығы, «Өрлеу» біліктілікті арттыру институты және аудандық білім бөлімі тарапынан бірнеше Алғыс хатқа ие болды.
Үсенов Жандарбек Асылбекұлы – кәсіби дамуға ұмтылатын, жаңашылдықты қолдайтын және білім беру саласында заманауи технологияларды тиімді қолдана білетін жас маман. Оның бүгінгі еңбегі мен ізденісі цифрлық дәуір талабына сай бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеуге бағытталған.