ЖЕТІСУЛЫҚ ЖАС ҰСТАЗДАР ТӘЖІРИБЕ АЛМАСУДА
Табиғаты тамаша Бурабайда жас ұстаздардың халықаралық жазғы лагері өз жұмысын бастады. Білім мен тәжірибе алмасуға бағытталған форумға Қазақстанмен қатар Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Әзербайжан және Моңғолиядан келген жас педагогтар да бар.
Жетісу облысынан лагерьге облыстық кәсіподақ ұйымының төрағасы Мэлс Төлепбергеновтің жетекшілігімен Ескелді ауданынан Жанар Жақыпова, Кербұлақ ауданынан Қайсар Ойшанов және Панфилов ауданынан Әсия Әділ қатысуда. Олар халықаралық алаңда әріптестерімен тәжірибе алмасып, заманауи білім беру үрдістері мен тың бастамаларды талқылауға мүмкіндік алды.
Лагерьдің алғашқы күні қатысушыларды қарсы алу рәсімімен басталып, танысу және командалық жұмыстар ұйымдастырылды. Сонымен қатар, ресми ашылу салтанатында білім беру саласының және кәсіподақ қозғалысының өкілдері құттықтау сөз сөйлеп, халықаралық ынтымақтастықтың маңызын атап өтті.
Салтанатты рәсім барысында Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Әзірбайжан және Моңғолия делегациялары өз елдерінің мәдениеті мен білім беру жүйесін таныстырып, ұлттық кәдесыйларын тарту етті. Бұл достық пен өзара сыйластықтың жарқын көрінісіне айналды.
Алдағы күндері жас ұстаздарды кәсіби шеберлікті арттыруға, тәжірибе бөлісуге және халықаралық әріптестік байланыстарды нығайтуға бағытталған мазмұнды кездесулер, тренингтер мен мәдени іс-шаралар күтіп тұр.
Жетісулық жас ұстаздардың мұндай халықаралық деңгейдегі форумға қатысуы – олардың кәсіби дамуына серпін беріп қана қоймай, өңірдің білім беру саласының тәжірибесін халықаралық деңгейде танытуға да зор мүмкіндік.
Жетісу облыстық ұйымының баспасөз қызметі