ҮЛГІ ТҰТАР ТҰЛҒА
Ұстаздық тек мамандық емес, үлкен жауапкершілік пен адалдықты талап ететін қасиетті жол. Осы жолда талмай еңбек етіп, саналы ғұмырын жас ұрпақ тәрбиесіне арнаған ардақты ұстаздардың бірі Жамбыл облысы, Жамбыл ауданы Юрий Гагарин атындағы мектеп-лицейінің көркем еңбек пәнінің мұғалімі Нұрила Мұражанова.
Нұрила Мұражанова білім беру саласында ұзақ жылдар бойы еңбек етіп, шәкірт тәрбиелеуде мол тәжірибе жинақтаған білікті педагог ретінде әріптестері мен ата-аналардың зор құрметіне ие болып келеді. Ол көркем еңбек пәні арқылы оқушылардың шығармашылық қабілетін дамытып қана қоймай, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, өнер мен еңбектің қадірін түсіндіруге ерекше көңіл бөледі. Әр сабағын мазмұнды ұйымдастырып, оқушылардың эстетикалық талғамын қалыптастыруға, қолөнерге деген қызығушылығын арттыруға күш салады.
Ұстаздың кәсіби шеберлігі шәкірттерінің жетістіктерінен анық байқалады. Оның тәлімін алған көптеген оқушылар түрлі байқаулар мен көрмелерге қатысып, өз өнерлерін шыңдап келеді.
Өмір жолындағы ерекше белестің бірі оның Желтоқсан көтерілісінің қатысушысы болуы. Ел тәуелсіздігі жолындағы тарихи кезеңнің куәгері ретінде ол жастарға отансүйгіштік, елжандылық, адалдық пен жауапкершілік секілді асыл қасиеттерді дәріптеп келеді. Өзінің өмірлік ұстанымы мен азаматтық көзқарасы арқылы кейінгі буынға өнеге көрсетіп жүрген тұлға.
Қарапайымдылығы, еңбекқорлығы, адамгершілігі мен кәсібіне деген адалдығы Нұрила Мұражанованы ұжым арасында сыйлы ұстаздардың қатарына қосып отыр. Ол жас мамандарға бағыт-бағдар беріп, тәжірибесімен бөлісуден ешқашан жалыққан емес. Осындай өнегелі өмір жолы бар, кәсібіне адал, ел болашағы үшін аянбай еңбек етіп жүрген ұстаздардың еңбегі әрдайым құрметке лайық.
Жамбыл облыстық ұйымы.