ҰЛЫТАУДА РЕСПУБЛИКАЛЫҚ СЕМИНАР-КЕҢЕС ӨТТІ
Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіподағының жұмыс жоспарына сәйкес Ұлытау облысының білім, ғылым және бюджеттік ұйымдар қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының ұйымдастыруымен Ұлытау облыстық тарихи-археологиялық музейінің мәжіліс залында «Әлеуметтік әріптестік – білім беру саласы қызметкерлерінің еңбек құқықтарын қорғаудың негізі» тақырыбында салалық кәсіподақ ұйымдарының өкілдеріне арналған республикалық семинар-кеңес өтті.
Аталған іс-шараға Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіподағының төрағасы Айгүл Мұқашева, еліміздің барлық өңірлерінен келген білім және ғылым саласы қызметкерлері кәсіподағының облыстық ұйымдарының төрағалары мен өкілдері, Ұлытау облысының жергілікті атқарушы және өкілетті органдарының өкілдері, сондай-ақ облыстық кәсіподақтың белсенділері қатысты.
Іс-шараның негізгі мақсаты – кәсіподақ ұйымдарының қызметін жетілдіру, әлеуметтік әріптестікті дамыту, білім беру саласы қызметкерлерінің еңбек құқықтары мен әлеуметтік-экономикалық мүдделерін қорғау бағытындағы үздік тәжірибелермен бөлісу.
Іс-шара барысында әлеуметтік әріптестіктің өзекті мәселелері, еңбек заңнамасын қолдану тәжірибесі және кәсіподақ ұйымдарының қызметін жетілдіру жолдары талқыланды. Облыстық кәсіподақ төрағасы Марат Қоңырбаев әлеуметтік әріптестіктің еңбек қатынастарын тұрақтандырудағы және педагогтердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудағы маңызды рөлін атап өтті.
Жезқазған қаласының әкімі Қайрат Шайжанов құттықтау сөзінде семинарға қатысушыларды құттықтап, өңірдің бас қаласында жүзеге асырылып жатқан ауқымды өзгерістерге тоқталды. Жезқазған қалалық мәслихатының төрағасы Раушан Қапарова семинар жұмысына сәттілік тіледі. Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Маратбек Төребеков өз баяндамасында өңірдегі білім беру саласын дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтты.
Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіподағының төрағасы Айгүл Мұқашева Салалық кәсіподақтың негізгі қызмет бағыттары, өңірлермен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан жобалар, келісу комиссияларының жұмысы және әлеуметтік әріптестікті дамыту тетіктері туралы кеңінен баяндады. Сондай-ақ кәсіподақ қызметін цифрландыру, жасанды интеллект технологияларын енгізу және бірыңғай цифрлық платформаны дамыту бағытындағы бастамалар жөнінде ақпарат берді.
Семинар-кеңестің соңында Ұлытау облысының кәсіподақ белсенділері мен әлеуметтік әріптестері салалық кәсіподақтың марапаттарына ие болды.
Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіподағының төрағасы Айгүл Мұқашева іссапар аясында Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспековпен кездесіп, өңірдегі әлеуметтік әріптестікті дамыту, кәсіподақтар мен жергілікті атқарушы органдар арасындағы өзара іс-қимылды одан әрі жетілдіру мәселелері бойынша пікір алмасты.
Сонымен қатар қатысушылар Ө.А. Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінің және Жезқазған жоғары политехникалық колледжінің жұмысымен танысты.
Бағдарлама аясында еліміздің әр өңірінен келген қатысушылар Ұлытау өңірінің тарихи-мәдени мұраларымен танысып, Алаша хан, Домбауыл, Жошы хан кесенелеріне, Хан ордасына, Әулиетауға және басқа да қасиетті орындарға тағзым етті. Сондай-ақ мыс шаһары – Жезқазғандағы Анненская шахтасына 500 метр тереңдікке түсіп, жерасты кен өндіру жұмыстарымен танысты.
Бұл республикалық ауқымдағы іс-шара кәсіподақ ұйымдары арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға, тәжірибе алмасуға және кәсіподақ қызметінің тиімділігін арттыруға ықпал етеді.
Ұлытау облысының білім, ғылым және бюджеттік ұйымдар қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы республикалық ауқымдағы іс-шараны өткізуге қолдау көрсеткен Ұлытау облысының жергілікті атқарушы және өкілетті органдарына, әлеуметтік әріптестеріне ризашылығын білдіреді.
-
Фотографии
-