ЖАС КЕЛСЕ - ІСКЕ
Ұстаздық жол – үлкен жауапкершілік пен үздіксіз ізденісті талап ететін қасиетті мамандық. Осындай биік міндетті абыроймен атқарып, шәкірт жүрегіне білім нәрін сеуіп жүрген жас ұстаздардың бірі – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Сапарова Нұргүл Арайбекқызы.
Нұргүл Сапарова 1998 жылы Ақтөбе облысы Ойыл ауданында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін тәмамдап, 2020 жылдан бері Ш.Бекмұхамбетова атындағы мектеп-гимназиясында еңбек етіп келеді.
Аз уақыт ішінде кәсіби шеберлігімен көзге түскен жас маман түрлі байқауларда жоғары нәтижелерге қол жеткізді. «Жаңа мектепке – жаңашыл ұстаз – 2022» байқауының аудандық кезеңінде Бас жүлде иеленді. Сонымен қатар, «Дарынды балаға – талантты ұстаз», «Үздік қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі», «Үздік авторлық бағдарлама» байқауларында жүлделі орындарға ие болды. Білім саласындағы табысты жұмысы үшін Ақтөбе облыстық білім кәсіподағының Алғыс хатымен марапатталып, Түркістан қаласына тарихи-танымдық саяхат жолдамасын иеленді. Сонымен қатар, аудан әкімінің Алғыс хатына ие болып, «Үздік жас маман» статуэткасымен марапатталды.
Жаңашыл ұстаз білім мен заманауи технологияны ұштастырып, облыстық ЖИ оқытушылар клубының мүшесі ретінде тәжірибе бөлісіп келеді. Республикалық басылымдарда мақалалары жарияланып, еңбегі түрлі Алғыс хаттармен марапатталған.
Ұстаз жетістігінің басты көрсеткіші – шәкірт жетістігі. Оның оқушылары ғылыми жобалар мен шығармашылық байқауларда жоғары нәтижелер көрсетіп, аудандық және облыстық деңгейде жүлделі орындар иеленуде.
Сапарова Нұргүл Арайбекқызы – өз ісіне адал, ізденімпаз әрі шығармашыл жас ұстаз. Оның еңбегі мен жетістігі жас ұрпаққа үлгі болып, білім саласының дамуына үлес қосып келеді.