ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ЖАСТАРЫ ЖАЗҒЫ ЛАГЕРЬДЕ
Ақмола облысының көрікті Бурабай өңірінде Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағының бастамасымен ұйымдастырылған Жас ұстаздардың халықаралық жазғы лагеріне Шығыс Қазақстан облысының жас ұстаздары қатысты.
Аталған шараға Өскемен қаласы «Оралхан Бөкей атындағы №44 лицей» КММ ұстазы, қалалық жастар Кеңесінің төрағасы Бақытжан Қуаныш, Абай атындағы Шығыс Қазақстан жоғары педагогикалық колледжі студенттері кеңесінің төрағасы Талғат Килимбеков, Алтай қаласындағы «А.Затаевич атындағы балалар музыка мектебінің» ұстазы Андрей Шабалин және Риддер қаласындағы «№2 орта мектебі» КММ-нің ұстазы Азамат Сембаев қатысып, тәжірибе алмасты.
Халықаралық лагерь аясында жас ұстаздар заманауи трендтер, білім берудегі жаңа технологиялар мен көшбасшылық қасиеттерді дамыту бойынша дәрістерге қатысты. Қатысушылар өзара құнды білім мен озық тәжірибе алмасып, кәсіби шеберліктерін шыңдады.
Сонымен қатар, ұйымдастырушылар тарапынан жастардың рухани демалысына да ерекше көңіл бөлінді. Жас педагогтер Бурабай өңірінің тарихи-мәдени орындарымен танысып, танымдық экскурсияларға қатысты. Бұл шара қатысушыларға тек кәсіби тұрғыдан емес, шығармашылық тұрғыдан да шабыт сыйлады.
Жас ұстаздардың халықаралық жазғы лагері – жастардың тұлғалық және кәсіби дамуына серпін беретін, жаңашылдық пен тәжірибені ұштастыратын бірегей алаң. Мұндай ауқымды жобалар жас мамандардың әлеуетін арттырып, отандық білім беру саласына тың идеялар мен жаңа бастамалардың келуіне даңғыл жол ашады.
Шығыс Қазақстан облысының атынан қатысқан білікті де белсенді ұстаздарымызға алдағы уақытта толағай табыстар тілейміз! Сапар барысында жинақтаған озық тәжірибе мен құнды білімдерін олар өңіріміздің білім беру жүйесін одан әрі дамытуға бағыттап, өскелең ұрпақтың сапалы білім, саналы тәрбие алуына өз үлестерін қосады деп кәміл сенеміз.
Осындай халықаралық деңгейдегі шараға қатысуымызға қолдау көрсеткен Шығыс Қазақстан облыстық кәсіподақ ұйымына және осы ауқымды жобаны жоғары деңгейде ұйымдастырған Қазақстандық салалық кәсіподағына ШҚО делегациясы атынан шексіз ризашылығымызды білдіреміз.
Кәсіподақ – әрқашан жас ұстаздардың сенімді тірегі, алғаусыз қолдаушысы және жарқын болашаққа жетелейтін бірегей қозғаушы күші!
Құрметпен, ШҚО жазғы лагерь қатысушылары,
Шығыс Қазақстан облыстық ұйымы
-
Фотографии
-