ЖАС МАМАННЫҢ ЖАРҚЫН ЖОЛЫ
Ел болашағы білімді ұрпақтың қолында болса, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаз қоғамның ең маңызды тұлғасы. Бүгінгі таңда жас болса да, кәсіби шеберлігімен, шығармашылық ізденісімен және жоғары жетістіктерімен дараланып жүрген ұстаздардың бірі – №132 Т. Айтбаев атындағы орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Абдрахманова Аружан Кенжебекқызы.
«Жас келсе – іске» деген халық даналығының шынайы көрінісін өз еңбегімен дәлелдеп жүрген жас педагог аз ғана уақыт ішінде аудандық, облыстық және республикалық деңгейде кәсіби біліктілігін танытып, білім саласында өзіндік қолтаңбасын қалыптастырды.
2022–2026 жылдар аралығында Аружан Кенжебекқызы білім беру саласында елеулі жетістіктерге қол жеткізді. Оның кәсіби ізденісі мен шығармашылық еңбегі республикалық және облыстық деңгейдегі беделді байқауларда жоғары бағаланды. 2022 жылы Қарағанды қаласында өткен республикалық Қасым Аманжолов оқуларында ІІ орын иеленіп, шығармашылық қабілетін дәлелдесе, “Жаңа мектепке жаңашыл ұстаз” сайысында облыстық кезеңде ІІ орынды, облыстық “Ой сандық” оқу сауаттылық және математикалық сауаттылық бойынша зияткерлік сайысында І орынды иеленді.
Ұстаздың кәсіби шеберлігі мен үздіксіз ізденісі аудандық және облыстық деңгейдегі көптеген байқауларда да өз бағасын тапты. Атап айтқанда, «Үздік сынып жетекші – 2024» аудандық кезеңінің жеңімпазы атанып, облыстық кезеңде марапатталды. Сонымен қатар «Үздік дебат үйлестірушісі – 2024» аудандық байқауының І орын иегері болды. «Сыр елі – бір туынды тарихы» байқауында аудандық кезеңнің жеңімпазы атанып, облыстық кезеңде ІІІ орынға ие болды.
Еңбектің еленгенінің жарқын дәлелі – «Үздік мұғалім – 2025» атағын иеленуі. Бұл – жас ұстаздың кәсіби біліктілігіне, жаңашыл көзқарасына және білім беру ісіне қосқан үлесіне берілген лайықты баға.
Ұстаз жетістігінің ең үлкен көрсеткіші – шәкіртінің жеңісі. Аружан Кенжебекқызы тәрбиелеген оқушылар аудандық, облыстық деңгейдегі олимпиадаларда, ғылыми жобаларда, дебат турнирлерінде және шығармашылық байқауларда үздік нәтижелерге қол жеткізіп келеді.
Қызылорда облыстық ұйымы