АБАЙ ОБЛЫСЫНЫҢ ЖАС ҰСТАЗДАРЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖАЗҒЫ ЛАГЕРЬГЕ ҚАТЫСТЫ
Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағының қолдауымен Бурабайдың көркем табиғатында ұйымдастырылған халықаралық жазғы лагерьге Абай облысының атынан жас ұстаздар – Кадырова Нургуль Біржанқызы мен Омарова Аяжан Хасенқызы қатысты.
Қатысушылар лагерь аясында заманауи білім беру үрдістері, көшбасшылық қабілеттерді дамыту және жастар саясатын жетілдіру бағытындағы мазмұнды дәрістер мен тәжірибелік кездесулерге қатысып, еліміздің әр өңірінен және шетелден келген әріптестерімен кәсіби тәжірибе алмасты.
Нургуль Біржанқызы мен Аяжан Хасенқызы – Абай облысының кәсіподақ ұйымы Жастар кеңесінің белсенді мүшелері. Сонымен қатар, олар Бесқарағай және Жаңасемей аудандық Жастар кеңестерінің жұмысын дамытуға да өз үлестерін қосып келеді.
Осындай халықаралық алаңдар жастардың кәсіби әлеуетін арттырып қана қоймай, жаңа идеялар мен бастамалардың жүзеге асуына жол ашады.
Лагерь бағдарламасы қатысушылардың рухани дамуына да ерекше көңіл бөлді. Бурабай өңірінің тарихи-мәдени орындарына ұйымдастырылған экскурсиялар жастардың туған елдің бай мұрасын тереңірек тануына мүмкіндік берді.
Біз жас ұстаздарымыздың халықаралық деңгейде жинақтаған тәжірибесі мен жаңа білімдері Абай облысының білім беру саласының дамуына өз үлесін қосып, өскелең ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беруде игі нәтижесін көрсететініне сенім білдіреміз.
Абай облысының кәсіподақ ұйымы халықаралық жазғы лагерьді жоғары деңгейде ұйымдастырған Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіподағына шынайы алғысын білдіреді.
Кәсіподақ – жастардың кәсіби дамуына қолдау көрсететін, жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын және жарқын болашаққа бірге бастайтын сенімді серіктес!
Абай облысының кәсіподақ ұйымы
-
Фотографии
-