ҰСТАЗ ЕҢБЕГІНЕ КӨРСЕТІЛГЕН ҚҰРМЕТ
Жазғы каникул – білім саласы қызметкерлерінің бір оқу жылындағы тынымсыз еңбектен кейін күш-қуатын қалпына келтіріп, сапалы демалуына берілген мүмкіндік. Осы орайда Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы ұйымының қолдауымен бір топ педагог Қостанай өңіріндегі табиғаты көркем «Сосновый бор» шипажайында тынығып, денсаулықтарын нығайтуда.
Қарағайлы орманның көркем табиғаты аясында орналасқан «Сосновый бор» шипажайы – емдік-сауықтыру қызметімен танымал, заманауи медициналық ем-шаралар мен жайлы демалысты ұштастырған еліміздегі үздік сауықтыру орындарының бірі. Мұнда демалушылардың денсаулығын жақсартуға қажетті барлық жағдай жасалған.
Айта кетейік, жуырда оқу жылының қорытындысына арналған «Кәсіподақ: тұрақты қолдау, тұрақты құрмет» атты салтанатты шарада білім беру саласында үздік нәтиже көрсеткен бірқатар педагогтарға облыстық кәсіподақ ұйымы атынан шипажайға жолдамалар табысталған болатын. Бүгінде сол марапат иелері жазғы демалыстарын «Сосновый бор» шипажайында өткізіп, кәсіподақтың қамқорлығы мен қолдауын сезінуде.
Білім қызметкерлерінің еңбегін бағалап, олардың әлеуметтік жағдайына ерекше көңіл бөліп келе жатқан облыстық кәсіподақ ұйымы бұл игі бастаманы алдағы уақытта да жалғастырады. Жақын күндері шипажайға тағы бір топ кәсіподақ мүшесі аттанып, сапалы демалыс пен емдік-сауықтыру шараларына қатысатын болады.
Ұстаз еңбегіне көрсетілген құрмет – өскелең ұрпақтың сапалы біліміне салынған инвестиция. Сондықтан кәсіподақтың мұндай игі бастамалары педагогтардың кәсіби еңбегін бағалап қана қоймай, олардың денсаулығына қамқорлық танытып, жаңа оқу жылын жақсы қарсы алуына жол ашады.
Ақтөбе облыстық кәсіподағы