ЕҢБЕК АДАМЫ
Ұстаз – қоғамдағы ең қадірлі әрі жауапты мамандықтардың бірі. Ол тек білім беріп қана қоймай, жас ұрпақтың бойына елжандылық, жауапкершілік, тәртіп пен еңбекқорлық сияқты асыл қасиеттерді сіңіреді. Әсіресе әскери-патриоттық тәрбие беретін ұстаздың еңбегі – ел қауіпсіздігі мен болашақ сарбаздарды тәрбиелеудегі маңызды міндеттердің бірі. Осындай жауапты істі абыроймен атқарып жүрген еңбек адамдарының бірі – №231 орта мектебінің алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнінің мұғалімі Аймолдаев Сәкен Жарқынбайұлы.
Сәкен Жарқынбайұлы – өз ісіне адал, кәсіби шеберлігімен танылған тәжірибелі педагог. Ол білім мен тәрбиені ұштастыра отырып, шәкірттерінің бойында патриоттық рухты, батылдықты, тәртіпті және Отан алдындағы жауапкершілікті қалыптастыруға аянбай еңбек етіп келеді.
Ұстаздың кәсіби жетістіктері де аз емес. 2021 жылы алғашқы әскери дайындық жетекшілері арасында өткен облыстық «Пневматикалық винтовкадан нысанаға ату» сайысында жекелей есепте ІІ орын алып, командалық есепте І орынға ие болды. Ал 2022 жылы аудандық алғашқы әскери дайындық жетекшілері арасындағы әскери-қолданбалы спорт түрлерінен өткен жарыста жүлделі ІІІ орынды иеленді. Бұл жетістіктер – оның кәсіби біліктілігі мен үздіксіз ізденісінің нәтижесі.
Шәкірттерінің ішінде Аманқұлов Мейірбектің жетістігі ерекше. Ол республикалық «Айбын–2024» әскери-патриоттық жиынында Бас жүлдені жеңіп алып, халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынына қатысу мүмкіндігіне ие болды. Сонымен қатар Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың Алғыс хатымен марапатталды. Бүгінде Мейірбек ұстазы сілтеген сара жолды жалғастырып, Түркияның Анкара қаласындағы әскери академияда білім алуда. Бұл – ұстаз еңбегінің жемісі мен шәкірт сенімінің айқын көрінісі.
«Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» деген халық даналығы бекер айтылмаған. Ұстаздың берген білімі мен тәрбиесі шәкірттің өмірлік ұстанымына айналып, оның болашағына жол ашады. Аймолдаев Сәкен Жарқынбайұлының адал еңбегі, кәсіби шеберлігі мен елжанды ұрпақ тәрбиелеудегі табанды қызметі – нағыз еңбек адамына тән қасиеттердің жарқын үлгісі. Осындай ұстаздардың еңбегі елдің қорғанын тәрбиелеп, мемлекетіміздің ертеңін нығайтуға қызмет ете беретіні сөзсіз.
Қызылорда облыстық ұйымы