ҚАРИЯЛАРҒА ҚҰРМЕТ – ҰРПАҚҚА ҮЛГІ
Қоғамның берекесі үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуде жатыр. Әсіресе, саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған ардагер ұстаздарға құрмет көрсету кейінгі буынның азаматтық болмысын айқындайтын ізгі қасиет. Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының да әрдайым қарияларды, ардагер-ұстаздарды қолдап, насихаттап келе жатқан ұрпақтар сабақтастығының жарқын көрінісі.
Жуырда Жамбыл облысы Шу ауданының Ақсу ауылынан шыққан кәсіпкер азаматтар туған ауылдың ардагер ұстаздары мен ақсақалдарына ерекше тарту жасап, оларды Түркістан бағытындағы тарихи-танымдық саяхатқа алып барды. Біз үшін бұл күтпеген әрі жүрекке жылы әсер сыйлаған үлкен құрмет болды. Өмірде өз жолын тауып, елге сыйлы азамат атанған шәкірттеріміздің ұстаздары мен ауыл қарияларына деген ықыласы ерекше қуантты.
Саяхаттың бастамашыларының бірі Ақсу ауылының азаматы Асхат Айтқожаев. Оның ұйымдастыруымен Ақсу ауылдық ақсақалдар алқасының мүшелері және ардагер ұстаздар Әуесхан Іңкәрбеков, Төреқұл Әлханұлы, Жұмахан Қырбасов, Әсет Шәмізов, Шәріп Бірімқұлов киелі Түркістан өңіріне сапар шекті. Жолай Дулат баба, Айша бибі, Ботбай баба, Арыстан баб кесенелеріне зиярат етіп, бабалар рухына Құран бағыштадық. Түркістан қаласында Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне барып, қаланың жаңарған келбетімен таныстық. Сонымен қатар Өзбекәлі Жәнібек, Мұхтар Шаханов, Көпен Әмірбековтің рухтарына тағзым етіп, Укаша ата кесенесіне де арнайы бардық.
Сапардың әр сәті біз үшін ерекше әсерге толы болды. Бұл тек тарихи-танымдық саяхат қана емес, туған жерден түлеп ұшқан шәкірттердің өз ұстаздарына деген құрметі мен ауыл қарияларына көрсеткен ізетінің айқын көрінісі еді. Осындай игі іске ауылымыздың азаматтары, мектеп түлектері Асхат Айтқожаев, Болат Тілеужанов, Сәтберген Молдабаев, Нұргелді Тоқтағұл, Бексұлтан Ерназарұлы және Нұржан Өркенбаев демеушілік көрсетті.
Ардагер ұстаздарды ардақтау, олардың еңбегін бағалау және рухани демалысын ұйымдастыру қоғамның адамгершілік құндылықтарын нығайтатын игі бастама. Мұндай өнегелі істер жергілікті кәсіподақ ұйымы жүзеге асырып келе жатқан ардагерлерді қолдау, ұрпақтар сабақтастығын нығайту және ұстаз мәртебесін арттыру бағытындағы жұмыстармен де үндеседі. Осындай азаматтық бастамалар көбейіп, ұстазға деген құрмет ешқашан азаймаса екен деген тілектеміз.
Төреқұл ӘЛХАНҰЛЫ
ардагер ұстаз,
Шу ауданы, ЖАМБЫЛ облысы