ЕҢБЕК АДАМЫ
Кітап – рухани қазына. Рухани байлықтың құндылығын дәріптеп, өз мамандығын мақтанышпен атқарып жүрген жандардың бірі – Жасарова Гүлнар Құлмұханбетқызы. Ол саналы ғұмырын кітапхана саласына арнап, жас ұрпақтың білім мен руханиятқа құштар болып өсуіне өлшеусіз үлес қосып келе жатқан білікті маман.
Гүлнар Жасарова — 1970 жылдың 16 қазанында дүниеге келген. Қазіргі таңда Ақтөбе облысы Шалқар қаласындағы №3 жалпы орта білім беретін мектебінде кітапхана меңгерушісі қызметін абыроймен атқарып келеді. Жоғары білімді маман Батыс Қазақстан инновациялық-гуманитарлық университетінің «Кітапхана ісі» мамандығын тәмамдаған. Еңбек өтілі – 33 жыл.
Шалқар қаласындағы №3 жалпы орта білім беретін мектебінде ұзақ жылдар бойы еңбек етіп келе жатқан Гүлнар Жасарова оқушылардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыруға, оқу мәдениетін қалыптастыруға және олардың рухани дүниесін байытуға аянбай еңбек етіп келеді.
Ұзақ жылғы адал еңбегі мен кәсіби шеберлігінің арқасында Гүлнар Шалқар қаласындағы №3 жалпы орта білім беретін мектебінде әріптестері мен оқырмандарының зор құрметіне бөленіп жүр. Кітапхана ісінің дамуына қосқан үлесі үшін мектеп әкімшілігінің Алғыс хаттарымен, аудандық білім бөлімінің және облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы ұйымының Құрмет грамоталарымен бірнеше мәрте марапатталған.
Өз ісіне адал, жауапкершілігі жоғары, ізденімпаз кітапханашы Гүлнар Жасарованың еңбегі кейінгі ұрпаққа үлгі. Оның кітап пен оқырман арасындағы алтын көпірге айналған қажырлы қызметі жас буынның білімді, мәдениетті әрі рухани бай болып қалыптасуына қызмет ете береді.
--
Ақтөбе облыстық кәсіподағы
-
Фотографии
-