«КӘСІПОДАҚ ӘРЕКЕТ ЕТУДЕ» НАУҚАНЫ АЯСЫНДА Еңбек ардагері Панайотиди Софья Георгиевнамен сұхбат
«КӘСІПОДАҚ ӘРЕКЕТ ЕТУДЕ» ақпараттық науқаны аясында кәсіподақ қозғалысының қоғамдағы рөлін кеңінен насихаттау, еңбек адамын ұлықтау және өз саласында ұзақ жылдар бойы адал еңбек еткен азаматтардың өнегелі өмір жолын кейінгі ұрпаққа таныту мақсатында еңбек ардагерлерімен сұхбаттар ұйымдастырылуда.
Осы жоба аясында Түркістан облыстық ұйымының Кентау қалалық кәсіподақ комитеті 40 жыл бойы білім беру саласында қажырлы еңбек етіп, қоғамдық жұмыстарға және кәсіподақ қызметіне белсене араласқан ардагер ұстаз Панайотиди Софья Георгиевнамен сұхбат жүргізді.
Софья Георгиевна – Түркістан облысы, Кентау қаласындағы Ә.Бөкейханов атындағы жалпы білім беретін мектепте бастауыш сынып мұғалімі болып ұзақ жылдар еңбек еткен тәжірибелі педагог. Оның бүкіл еңбек жолы жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беруге арналды. Қырық жылдық ұстаздық ғұмырында ол мыңдаған шәкіртке білім беріп, олардың өмірден өз орнын табуына бағыт-бағдар көрсетті.
Ұстаз ретінде ол тек білім берумен ғана шектелген жоқ. Мектеп қабырғасында жүріп кәсіподақ ұйымының жұмысына белсене араласып, әріптестерінің әлеуметтік жағдайына, еңбек құқықтарының қорғалуына және әділ шешімдердің қабылдануына ерекше мән берді. Ұжымдағы мұғалімдердің сөзін сөйлеп, олардың заңды мүдделерін қорғауда белсенділік танытып, кәсіподақ ұйымының сенімді тірегіне айналды.
Сұхбат барысында Софья Георгиевна кәсіподақтың ұстаздар үшін атқаратын маңызды қызметіне тоқталды. Оның айтуынша, кәсіподақ – еңбек адамының құқықтары мен мүдделерін қорғайтын, әлеуметтік қолдау көрсететін және әділдіктің сақталуына ықпал ететін маңызды қоғамдық ұйым.
Панайотиди Софья Георгиевна бірнеше буын шәкірт тәрбиелеп, олардың өмірге сенімді қадам басуына жол ашқан ұлағатты ұстаз. Оның шәкірттері жыл сайын мектепішілік, қалалық, облыстық және республикалық олимпиадалар мен түрлі білім байқауларында жүлделі орындарға ие болып, ұстазының еңбегін абыроймен ақтап келді. Бұл – кәсіби біліктілік пен ұстаздыққа деген адалдықтың жарқын жемісі.
Ұстаздың өткізген сабақтары, қолданған әдістемелік тәжірибесі мен жаңашыл оқыту тәсілдері қалалық және облыстық семинарларда бірнеше рет үлгі ретінде ұсынылды. Жас педагогтер оның мол тәжірибесінен үйреніп, кәсіби шеберлігін үлгі тұтты. Ол – тек білім беруші ғана емес, шәкірт жүрегіне ізгілік пен адамгершілік дәнін еккен тұлға.
Ұзақ жылғы адал еңбегі лайықты бағасын алды. Ол көптеген марапаттар мен алғыс хаттардың иегері. Соның ішінде 2021 жылғы 2 желтоқсанда Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградасы – «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталуы оның көпжылдық еңбегіне берілген жоғары баға болды. Сонымен қатар, 2024 жылы ардагер ұстаз ретінде Білім және ғылым министрінің Алғыс хатымен марапатталуы оның педагогикалық қызметіне, қоғамдық белсенділігіне және ұстаздық борышына деген адалдығын айқындай түсті.
Қырық жылдық еңбек жолында білім мен тәрбиені, кәсіподақ қызметі мен қоғамдық белсенділікті қатар алып жүрген Панайотиди Софья Георгиевна – еңбек адамының шынайы үлгісі. Осындай ардагерлердің өмір жолын дәріптеу – еңбекке деген құрметті арттырудың, кәсіподақ құндылықтарын насихаттаудың және кейінгі ұрпаққа өнеге қалдырудың маңызды көрінісі.
Түркістан облыстық ұйымы