ШӘКІРТКЕ ШАМШЫРАҚ БОЛҒАН ҰСТАЗ
Мектепте кейбір ұстаздардың есімі айтылғанда, ең алдымен олардың берген сабағы емес, адамдық болмысы еске түседі. Өйткені олар оқушыға тек пән үйретіп қана қоймай, сенім сыйлап, ғылымға қызықтырып, өмірге бағыт береді. Жамбыл облысы, Меркі ауданы М.Әуезов атындағы мектеп-лицейдің физика пәнінің мұғалімі Жаңабек Үсенбекұлы Ендібаев сондай ұстаздардың бірі.
Жаңабек Үсенбекұлы ұстаздық жолын ауыл мектебінде жас маман болып бастаған. Сол күннен бастап-ақ ол физиканы формула мен заңдардың жиынтығы емес, табиғаттың тылсым сырын түсіндіретін ғылым ретінде оқытуды мақсат етті. Сондықтан оның сабағында оқушылар дайын жауапты жаттамай, ойланып, ізденуге үйренді. Әр баланың бойындағы қабілетті дер кезінде байқап, оны қолдау ұстаздың басты қасиеттерінің бірі. Жаңабек ағайдың талай шәкірті дәл осындай қамқорлықтың арқасында физика пәніне қызығып, білім бәйгелерінде жақсы нәтижелерге қол жеткізді. Кейбірі кейін техникалық мамандықтарды таңдап, өз өмірін ғылыммен байланыстырды.
Ұжымда оны тек білікті пән мұғалімі ғана емес, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары әріптес ретінде де бағалайды. Әр жылдары мектеп басшылығы құрамында қызмет атқарып, білім сапасын арттыруға бағытталған жұмыстарға белсене араласты. Тереңдетілген оқытуды дамытуға күш салып, мектептің тәжірибесіне жаңа тәсілдердің енгізілуіне үлес қосты. Кейін аудандық білім бөлімінде әдіскер болып еңбек еткен жылдары Жаңабек Үсенбекұлы көптеген физика, математика және информатика пәні мұғалімдерінің кәсіби қалыптасуына қолдау көрсетті. Әріптестері оның тәжірибесімен бөлісуден ешқашан жалықпайтынын, әр мәселеге байыппен қарап, нақты шешім ұсынатынын жиі айтады.
Ұстаз еңбегі марапатпен ғана өлшенбейді. Дегенмен оның білім беру саласындағы табыстары мен кәсіби жетістіктері түрлі деңгейдегі марапаттармен лайықты бағаланды. Бірақ Жаңабек Үсенбекұлы үшін ең үлкен қуаныш шәкірттерінің жетістігі болды. Бүгінде оның оқушылары түрлі олимпиадалар мен ғылыми жобаларда жүлделі орындарға ие болып, ұстаз сенімін ақтап келеді.
Жаңабек Үсенбекұлының бойынан әріптестері ең алдымен қарапайымдылықты, сабырлылықты және еңбекқорлықты көреді. Ол үшін ұстаз болу қызмет емес, үлкен жауапкершілік. Сондықтан қанша жыл өтсе де, әр сабағына тыңғылықты дайындалып, білімін үнемі жетілдіріп келеді. Осындай ұстаздар барда мектептің де мерейі үстем болады. Өйткені олар шәкірттің білімге деген қызығушылығын оятып қана қоймай, өмірлік мақсатын айқындауына ықпал етеді. Ал бұл ұстаз еңбегінің ең үлкен жемісі.
Жамбыл обьлыстық ұйымы