«КӘСІПОДАҚ ӘРЕКЕТ ЕТУДЕ» НАУҚАНЫ АЯСЫНДА «Қуатты бастауыш ұйым – бастауыш ұйымдардың үздік бастамалары»
Бірлігі бекем ұжым – кез келген жетістіктің алтын діңгегі. Ал сол бірлікті нығайтып, еңбек адамының мүддесін қорғап, ұйымның тұрақты дамуына серпін беретін басты күш – кәсіподақ. «КӘСІПОДАҚ ӘРЕКЕТ ЕТУДЕ» науқаны аясында өз ісімен өзгелерге өнеге болып, ауызбірлігімен, белсенділігімен және нәтижелі жұмысымен ерекшеленіп отырған ұйымдардың бірі – Кентау қаласындағы «Алмагүл» бөбекжай-бақшасының бастауыш кәсіподақ ұйымы.
Қаламыздағы ең ірі мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының бірі саналатын балабақшада 70-ке жуық қызметкер еңбек етіп, 12 топта 280 бүлдіршінге тәлім мен тәрбие берілуде. Бұл – бір мақсатқа жұмылған, кәсібіне адал жандардың ұйымшылдығының жарқын көрінісі.
Бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Халикова Гульназ Рузбаевна кәсіподақтың басты қағидаттарын басшылыққа ала отырып, ұжым мүшелерінің құқықтары мен әлеуметтік мүдделерін қорғау, еңбек жағдайын жақсарту және ұйымшылдықты нығайту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізіп келеді. Оның бастамашылдығы, іскерлігі мен жауапкершілігі ұжымның кәсіподаққа деген сенімін арттырып, әрбір қызметкердің ұйым өміріне белсене араласуына жол ашуда.
Қызметкерлердің кәсіби және рухани дамуына қолдау көрсету – бастауыш ұйым жұмысының басты ұстанымына айналған. Балабақшаның бүгінгі жетістіктері – білікті басшы Балкибекова Нагима Еркинбаевнаның көреген басшылығы мен ұжымға деген жанашырлығының нәтижесі.
Ұжымда өзара сыйластық, қолдау және тұрақтылық қалыптасқан. Ал әдіскер Ибрай Саийида Бекділдақызы педагогтердің кәсіби шеберлігін шыңдап, жаңа әдіс-тәсілдерді енгізу арқылы білім беру сапасының артуына елеулі үлес қосып келеді. Басшы, кәсіподақ және педагогтер арасындағы өзара үйлесімді жұмыс – ұйымның ең үлкен жетістіктерінің бірі.
«Алмагүл» бөбекжай-бақшасының басты құндылығы – оның ұйымшыл ұжымы. Мұнда әрбір қызметкер өзін үлкен әрі тату отбасының мүшесі ретінде сезінеді. Қуаныш та, жауапкершілік те бірге бөлісіліп, ортақ мақсат жолында жұмыла еңбек ету – ұжымның айнымас қағидасы. Кәсіподақ ұйымының бастамасымен өткізілетін мәдени-көпшілік, спорттық, мерекелік және қайырымдылық шаралары ұжым арасындағы достық пен ынтымақтастықты одан әрі нығайтып, еңбекке деген құлшынысты арттыруда.
Жыл сайын осы білім мен тәрбиенің алтын ұясынан қаншама бүлдіршін алғашқы білім нәрін бойына сіңіріп, мектеп табалдырығын үлкен сеніммен аттайды. Әр баланың жүрегіне мейірім мен адамгершілік дәнін егіп, олардың жарқын болашағына жол ашып жүрген тәрбиешілер мен барлық қызметкерлердің қажырлы еңбегі – зор құрметке лайық.
Бұл – тек білім беру емес, елдің ертеңін тәрбиелеуге қосылған өлшеусіз үлес. «Алмагүл» бөбекжай-бақшасының бастауыш кәсіподақ ұйымы – ұйымшылдықтың, кәсібиліктің, жауапкершіліктің және нәтижелі еңбектің жарқын үлгісі.
«КӘСІПОДАҚ ӘРЕКЕТ ЕТУДЕ» науқанының мақсаты – осындай қуатты бастауыш ұйымдардың игі тәжірибесін кеңінен насихаттау. Бірлігі жарасқан, берекесі артқан бұл ұжым алдағы уақытта да кәсіподақ қозғалысының беделін арттырып, еңбек адамының мәртебесін асқақтата беретініне сенім мол. Ынтымағы жарасқан ұжымға толағай табыс, шығармашылық шабыт, жаңа жетістіктер мен биік белестер тілейміз!