ҰЛТ РУХАНИЯТЫНЫҢ ШАМШЫРАҒЫ – ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗ
Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі тек білім беруші маман ғана емес, ол – ұлттық руханияттың, мәдениет пен дәстүрдің шынайы жанашыры, жас ұрпаққа бағыт-бағдар беретін рухани жетекші.
Сөз құдіреті мен көркем мәтін арқылы, шынайы қарым-қатынас негізінде ол оқушылардың қазақ тіліне деген сүйіспеншілігін оятып, халықтың бай мұрасына деген мақтаныш сезімін қалыптастырады.
Біздің Қазан орта мектебінде осындай ұлағатты ұстаздардың бірі, 26 жылдан бері жемісті еңбек етіп келе жатқан, білікті де жауапты, шығармашыл педагог – Асайбекова Әсемгүл Тоқтарқызы.
Әсемгүл Тоқтарқызының әр сабағы – мазмұны терең, құрылымы жүйелі, оқушыны ойландырып, ізденіске жетелейтін тағылымды орта. Оның сабақтарында оқушылары Абай Құнанбаев пен Мұхтар Әуезов сынды ұлы тұлғалардың шығармаларымен сусындап, қазақ тілінің көркемдігін, сөздің құдіретін терең сезіне түседі. Мұғалімнің кәсіби шеберлігі тұлғаға бағытталған оқытуда, ғылыми негізді мазмұн мен тиімді әдістемені ұштастыра білуінде айқын көрінеді.
Ұстаз оқу-тәрбие үдерісінде әр оқушының жеке ерекшелігін ескере отырып, сараланған оқыту тәсілдерін шебер қолданады. Түрлі әдіс-тәсілдер мен оқыту құралдарын үйлесімді пайдалану арқылы тұрақты нәтижеге қол жеткізеді. Ол әр баланың ішкі мүмкіндігін ашуға, шығармашылық қабілетін дамытуға ерекше көңіл бөледі. Оқушыларға сенім білдіріп, жетістікке жету жағдайын қалыптастыра отырып, олардың өзін-өзі бағалауына, тұлғалық қалыптасуына ықпал етеді.
Осындай жүйелі еңбектің нәтижесінде шәкірттері түрлі деңгейдегі байқаулар мен олимпиадаларда жоғары жетістіктерге жетіп, жүлделі орындарға ие болып жүр.
Әсемгүл Тоқтарқызының ұстаздық жолының басты жемісі – оқушылардың бойында қазақ тілге деген сүйіспеншіліктің, тарихқа деген құрметтің және ұлттық мақтаныштың қалыптасуы.
Мұндай ұстаздар тек білімді шәкірт тәрбиелеп қана қоймай, елінің болашағына жауапкершілікпен қарайтын, саналы азаматтарды қалыптастырады.
Солтүстік Қазақстан облыстық ұйымы