БІЛІМНІҢ БАҒДАРШАМЫ БОЛҒАН ҰСТАЗ
Ұстаздық – терең білім мен шынайы жанашырлықты талап ететін ұлы мамандық. Осы қасиеттерді бойына тоғыстырып, саналы ғұмырын жас ұрпақ тәрбиесіне арнап келе жатқан білікті педагогтардың бірі – Ахметова Мархаббат Жанайқызы.
2006 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің физика-математика факультетіне оқуға түсіп, «Математика пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша білім алып, 2010 жылы оқу орнын үздік дипломмен тәмамдады.
Еңбек жолын туған өлкесінде бастап, ұстаздық қызметке адалдықпен ден қойды. Қазіргі таңда Қазалы ауданы, Басықара ауылындағы №182 орта мектепте математика пәнінің мұғалімі болып еңбек етеді. Он төрт жылдан астам уақыт ішінде кәсіби біліктілігі мен тәжірибесін шыңдап, шәкірттерінің жүрегінен орын алған, өз ісінің нағыз шебері атанып келеді.
Мархаббат Жанайқызы – білім мен тәрбиені қатар ұштастыра білген шығармашыл ұстаз. Оның жетекшілігімен білім алған оқушылар республикалық «Мың бала» олимпиадасында және түрлі деңгейдегі математикалық олимпиадалар мен зияткерлік сайыстарда жүлделі орындарды иеленіп, мектеп абыройын асқақтатып келеді. Бұл – ұстаздың кәсіби шеберлігі мен тынымсыз еңбегінің нақты нәтижесі.
Педагогикалық қызметпен қатар қоғамдық жұмыстарға да белсене араласып, аудандық және облыстық деңгейдегі көптеген марапаттарға ие болды. Әріптестері арасында жауапкершілігімен, еңбекқорлығымен, ұйымдастырушылық қабілетімен және адамгершілік қасиеттерімен құрметке бөленген ұстаз білім беру саласының дамуына өз үлесін қосып келеді.
Қазіргі заман талабына сай білім беру үдерісіндегі жаңашыл әдіс-тәсілдерді тиімді пайдаланып, кәсіби ізденісті өмірлік ұстанымына айналдырған Мархаббат Жанайқызы шәкірттерінің жан-жақты дамуына ерекше мән береді. Ол әр баланың қабілетін ашуға, сапалы білім мен саналы тәрбие беруге бар күш-жігерін жұмсап жүрген білікті педагог.
Ұлағатты ұстаз, ардақты ана ретінде де айналасына өнеге көрсетіп жүрген Мархаббат Жанайқызының еселі еңбегі мен шәкірттерінің толайым жетістіктері – оның педагогикалық қызметінің жарқын жемісі. Осындай өз ісіне адал, білімді де білікті ұстаздардың еңбегі еліміздің білім саласының өркендеуіне қосылған қомақты үлес.
Қызылорда облыстық ұйымы