ТҮРКІСТАН МЕН АБАЙ ЕЛІНЕ ТАНЫМДЫҚ САПАР
Шығыс Қазақстан облысы, Ұлан ауданына қарасты «Абай атындағы орта мектебі» КММ-нің кәсіподақ ұйымы мүшелері мен мектеп оқушылары жыл сайын еліміздің тарихи-рухани құндылықтарымен жақынырақ танысу мақсатында мазмұны терең, тағылымға толы саяхаттарға аттануды игі дәстүрге айналдырған. Бұл танымдық сапарлардың басты бағыты – түркі дүниесінің бесігі саналатын киелі Түркістан өңірі мен ұлттық поэзиямыздың асқар шыңы Абай елі. Мұндай маңызды бастамалар қатысушылардың туған жер тарихына деген сүйіспеншілігін арттырып қана қоймай, бойларындағы ұлттық рух пен отансүйгіштік қасиеттерді бұрынғыдан да бекемдей түседі.
Сапар барысында ұжым мүшелері мен оқушылар Түркістан өңірінің киелі де тарихи орындары – Қожа Ахмет Ясауи мен Арыстан баб кесенелеріне, сондай-ақ көне Отырар шаһарының мұраларына барды.
Ал дана Абайдың туған жеріне жасалған саяхат ұлы ақынның өмір жолы мен бай әдеби мұрасын тереңірек ұғынуға жол ашады. Хакім Абайдың жүріп өткен іздерімен жүру, Жидебайдағы музей-үйін өз көзімен көру оқушыларға қазақ руханиятының асыл қазынасын бағалауға, ұлы ойшылдың даналық сөздерін көкейге түйіп, өмірлік темірқазық етуге мүмкіндік береді.
Осындай танымдық әрі тәрбиелік мәні зор сапарлар – мектеп ұжымы мен жас ұрпақ арасындағы сабақтастық пен бірлікті нығайтатын таптырмас құрал. Олар жастарды ел тарихын құрметтеуге, туған жердің әрбір тасын қадірлеуге және ұлттық құндылықтарды дәріптеуге үндейді. Өткен мен бүгінді жалғап, болашаққа бағдар беретін бұл тағылымды дәстүр алдағы жылдары да өз жалғасын тауып, әрбір қатысушының жүрегінде ұмытылмас ыстық естелік пен терең әсер қалдыра берері сөзсіз.
Ұлан аудандық кәсіподақ ұйымы Шығыс Қазақстан облысы
-
Фотографии
-