АБАЙ ЕСІМІМЕН ҮНДЕС ҰСТАЗДЫҚ ЖОЛ
Қазақ үшін Абай есімі – ұлы ақынның ғана аты емес, білім мен парасаттың, талап пен еңбектің, адамдықтың символына айналған қасиетті ұғым. 10 тамыз – Абай күні. Бұл күн – ұлы ойшылдың мұрасын ұлықтап, оның адам тәрбиесіне қатысты тағылымды ойларын бүгінгі ұрпақпен сабақтастыратын ерекше күн.
Осындай айтулы күн қарсаңында есімі ұлы ақынның есімімен аттас, өмірін ұстаздыққа арнаған ақтөбелік Тәшенов Абай Қонысбайұлы туралы сөз қозғаудың өзіндік мәні бар.
Абай Тәшенов — 1982 жылы 10 желтоқсанда Ақтөбе облысы Шалқар ауданы Бегімбет ауылында дүниеге келген. 1989 жылы Айшуақ орта мектебіне барып, 1999 жылы осы мектепті тәмамдады. Мектепте оқып жүрген кезінен спортқа қызығушылығы артып, болашақ мамандығын дене шынықтыру саласымен байланыстырды. 1999 жылы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетіне оқуға түсіп, 2004 жылы жоғары білім алды. Бүгінде Б.Сүлейменов атындағы жалпы орта білім беретін мектебінде дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарып келеді.
Абай Қонысбайұлы өз сабақтарында оқушыларын спорттық жарыстарға дайындап қана қоймай, олардың командамен жұмыс істеуіне және мақсатқа жету жолындағы еңбектің маңызын түсінуіне ықпал етеді.
Ұстаздың кәсіби ізденісі де нәтижесіз емес. 2023 жылы «Дарынды балаларға – талантты ұстаз» атты I республикалық байқауға қатысып, I орын иеленді. Сонымен қатар Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы ұйымының Құрмет грамотасымен және шипажайға жолдамамен марапатталды.
Абай Қонысбайұлының бос уақытында спортпен айналысып, салауатты өмір салтын ұстанады. Бұл бағытты шәкірттеріне де насихаттап, өз өмірімен үлгі көрсетіп келеді. Ол үшін ұстаздық еңбектің ең маңызды көрсеткіші – шәкірттерінің нәтижесі. 2025 жылы оның оқушылары баскетболдан II орын иеленді. 2026 жылы «Мектеп лигасының» аудандық кезеңінде баскетболдан III орын, футболдан I орын алып, аудан чемпионы атанды. Бұл жетістіктердің артында ұстаз бен шәкірттің тұрақты еңбегі тұр. Ол жүйелі жаттығудан, тәртіптен және мақсатқа деген табандылықтан қалыптасады.
Абай Құнанбайұлының есімімен аттас болу – жай ғана есім сәйкестігі. Алайда ,бұл есімнің өзі ұстазға ерекше жауапкершілік жүктейтіндей. Ұлы Абайдың артында өшпес мұра қалды. Ал, бүгінгі Абай Қонысбайұлы өз еңбегі арқылы шәкірттерінің жүрегінде із қалдыруға ұмтылып келеді.
Ұлы ақын «Ғылым таппай мақтанба» деп ұрпақты білімге, талапқа, еңбекке шақырса, бүгінгі ұстаз осы құндылықтарды өз мамандығының мүмкіндігі арқылы жүзеге асырады. Бірі – сөзбен ұрпаққа жол көрсетті, бірі – ұстаздық еңбегімен сол ұрпақты тәрбиелеуге үлес қосып келеді.
Абай күнінде ұлы ақынның есімін иеленген ұстаздың еңбегіне тоқталудың мәні де осында. Абай есімімен аттас Абай Қонысбайұлы үшін бұл күн – жай ғана күнтізбедегі дата емес, өз есімімен бірге үлкен тұлғаның есімі қатар аталатын жауапты сәт.
Абай Құнанбайұлының мұрасы – ұрпаққа аманат. Ал, сол аманатты бүгінгі ұрпаққа жеткізудің бір жолы – әр маманның өз ісін адал атқаруы.
Есімі – Абай. Мақсаты – шәкірт тәрбиесі. Еңбегі – спорт арқылы жас ұрпақтың бойына жігер мен тәртіп қалыптастыру. Бұл – Абай есімімен аттас ұстаз Тәшенов Абай Қонысбайұлының бүгінгі ұстаздық жолы.
-
Фотографии
-