БІЛІМГЕ БАСТАР ҚАДАМҒА ҚОЛДАУ
Жаңа оқу жылы қарсаңында дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын «Мектепке жол» республикалық акциясы биыл да игі істермен жалғасын тапты. Акцияның негізгі мақсаты – балаларға қолдау көрсетіп, олардың жаңа оқу жылын қажетті құралдармен қамтамасыз етіліп, жақсы көңіл-күймен бастауына жағдай жасау.
Игі бастама аясында Оқу-ағарту, бюджеттік ұйымдар, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің «Жетісу» жергілікті кәсіподағы кәсіподақ мүшелерінің балаларына қажетті оқу құралдары мен мектепке қажетті заттарды алып берді. Акция барысында 30-ға жуық бала қамтылып, оларға нақты көмек көрсетілді.
Балаларға қажетті заттарды табыстау барысында кәсіподақ ұйымының төрағасы Мэлс Төлепбергенов оқушыларды жаңа оқу жылымен құттықтап, ақжолтай тілегін жеткізді. Ол балаларға сабақты жақсы оқып, білімді, білікті азамат болып қалыптасуына, алға қойған мақсаттарына жетуге тілектестік білдірді.
Кәсіподақ тарапынан көрсетілген қолдау ата-аналар тарапынан да зор ризашылықпен қабылданды. Балаларына қажетті заттарды алып бергені үшін ата-аналар «Жетісу» жергілікті кәсіподағына алғыстарын жеткізіп, осындай әлеуметтік маңызы зор бастамалардың жалғаса беруіне тілектестік білдірді.
Кәсіподақтың әлеуметтік бағыттағы жұмыстарының негізгі мақсаты – еңбек адамын қолдау, оның әлеуметтік жағдайына назар аудару және отбасы мүшелеріне жан-жақты көмек көрсету. «Мектепке жол» акциясы да осы мақсаттың нақты көрінісі.
Оқу-ағарту, бюджеттік ұйымдар, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің «Жетісу» жергілікті кәсіподағының баспасөз қызметі