ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНА ЖАҢА МІНДЕТТЕР
Түркістан облысының Сауран ауданында жаңа оқу жылына арналған дәстүрлі тамыз кеңесі өтіп, білім саласының өткен кезеңдегі нәтижелері сараланып, алдағы оқу жылындағы басым бағыттар айқындалды. Маңызды жиынға аудан әкімі М.Таңғатаров, құқық қорғау органдарының басшылары, ардагер ұстаздар, білім беру ұйымдарының басшылары мен педагогтер, қоғамдық ұйым өкілдері және Сауран аудандық кәсіподақ төрағасы Е.Исатаев қатысты. Педагогтар бас қосқан тағылымды жиын ұстаз мәртебесі, бала болашағы, білім сапасы мен адами капиталды дамыту мәселелері кеңінен талқыланған маңызды кәсіби алаңға айналды.
Сауран ауданында білім беру саласын дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бүгінде 64 жалпы білім беретін мектеп пен 64 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді. Өткен оқу жылында 24 352 оқушы білім алса, жаңа оқу жылында бұл көрсеткішті 25 мыңға жеткізу жоспарланған. Биыл 2 333 бүлдіршін мектеп табалдырығын алғаш рет аттайды. Сонымен қатар ауданда үш ауысымды және апатты жағдайдағы мектептердің болмауы білім беру инфрақұрылымының жүйелі дамып келе жатқанын көрсетеді. 2025–2026 оқу жылында білім сапасының 59,11 пайызға жетуі де педагогтардың кәсіби ізденісі мен тынымсыз еңбегінің нәтижесі.
Жас ұрпақтың білім бәсекесіндегі жетістіктері де жоғары. Өткен оқу жылында аудан мектептерін 1 745 түлек аяқтап, олардың 562-сі мемлекеттік білім грантына ие болды. 148 түлек «Алтын белгі», 132 түлек «Үздік аттестат» иегері атанды. Тамыз кеңесінде тәжірибелі ұстаздар мен жас мамандардың ой-пікірі тыңдалып, жаңа оқу жылындағы жауапты міндеттер мен кәсіби сабақтастықтың маңызы атап өтілді. Осындай нәтижелердің артында шәкірт жетістігін өз жетістігіндей көретін ұстаздардың қажырлы еңбегі тұр.
Кеңес барысында білім саласына және кәсіподақ қозғалысына елеулі үлес қосып жүрген бірқатар қызметкерлер марапатталды. «Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің Түркістан облыстық кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен Төлеби атындағы жалпы білім беретін мектебінің физика пәні мұғалімі С.Айтметов, Айтжанов атындағы жалпы білім беретін мектебінің география пәні мұғалімі Х.Мирзараймова және Сығай атындағы жалпы білім беретін мектебінің бастауыш сынып мұғалімі С.Алпамысова марапатталды.
-
Фотографии
-