ЖАС МАМАННЫҢ ЖАРҚЫН ЖОЛЫ
Ұстаздық – ұрпақ тәрбиесіне жауапкершілікпен қарауды, үнемі ізденуді және әр баланың жүрегіне жол табуды талап ететін қастерлі мамандық. Әсіресе, мектепалды даярлық сыныбында еңбек ететін тәрбиешінің міндеті ерекше. Себебі бұл кезең – баланың мектеп өміріне бейімделіп, білім әлеміне алғашқы қадамын жасайтын маңызды шақ.
Осындай жауапты міндетті абыроймен атқарып жүрген жас мамандардың бірі – Баубекова Индира Батиханқызы.
Баубекова Индира Батиханқызы 1991 жылдың 10 наурызында Ақтөбе облысы Ырғыз ауданы Нұра ауылында дүниеге келген. Бала кезінен білім мен ізденіске қызығушылық танытып, болашақ мамандығын білім беру саласымен байланыстыруды жөн көрді.
Кәсіби білімін Ақтөбе Жоғары гуманитарлық колледжінде жалғастырып, «Математика және информатика» мамандығын меңгерді. Кейін білім беру саласындағы кәсіби мүмкіндігін кеңейту мақсатында «Рауан» колледжінде «Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу» мамандығы бойынша білім алып, педагогикалық бағыттағы біліктілігін толықтырды.
Бүгінде Индира Баубекова – Ырғыз ауданындағы Белшер негізгі орта мектебінің мектепалды даярлық сыныбында тәрбиеші болып қызмет атқарып келеді.
Жас маман өз жұмысында балалардың қызығушылығын арттыруға, шығармашылық қабілеттерін дамытуға және ойын арқылы білім беруге ерекше көңіл бөледі. Әр баланың жеке қабілетін ескеріп, олардың бойына достық, жауапкершілік, еңбекқорлық пен ізгілік қасиеттерін қалыптастыруды басты мақсат етеді.
«Жас келсе – іске» демекші, Индира Баубекованың ізденісі мен еңбегі – білімді де тәрбиелі ұрпақ қалыптастыру жолындағы жарқын бастамалардың бірі. Жас маманға шығармашылық табыс пен еңбегіне береке тілейміз!