БІЛІМГЕ БАҒЫШТАЛҒАН ҒҰМЫР, ЖЕҢІСКЕ ЖЕТЕЛЕГЕН ҰСТАЗ
Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданына қарасты «Асусай мектеп-балабақша кешені» КММ ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Работова Гүлнұр Қалымбекқызы – 27 жылдық педагогикалық өтілі бар, өз ісіне адал, зерек де жаңашыл білікті педагог. Жоғары кәсіби шеберлігінің арқасында ол оқушылардың шет тілін меңгеруге деген қызығушылығын арттырып, білім сапасын көтеруде тұрақты әрі жүйелі нәтижелер көрсетіп келеді.
Гүлнұр Қалымбекқызы әр сабағын заманауи интерактивті әдіс-тәсілдермен, цифрлық технологиялармен байытып, сабақтан тыс уақытта да жеке дамыту жұмыстарын жоспарлы түрде жүргізеді. Әр оқушының бойындағы жасырын әлеуетті тани білетін ұстаздың саралап дайындау әдістемесінің арқасында білім алушылары аудандық, облыстық және республикалық пәндік олимпиадалардың, ғылыми жобалар мен интеллектуалық байқаулардың тұрақты жүлдегерлері атанып жүр.
Педагогтың білім саласын дамытуға қосқан зор үлесі мен кәсіби біліктілігі жоғары бағаланып, ол бірнеше мәрте аудандық, облыстық білім басқармаларының Құрмет грамоталарымен және Алғыс хаттарымен марапатталған.
Гүлнұр Қалымбекқызы тек білім беріп қана қоймай, мектептің және ауданның білім беру ортасын ілгерілетуге белсене атсалысады. Аудандық ағылшын тілі пәні мұғалімдері шығармашылық тобының төрағасы ретінде озық педагогикалық тәжірибені насихаттап, әріптестері арасында заманауи әдістемелерді таратуға жетекшілік етеді. Гуманитарлық пәндер бірлестігінің төрағасы ретінде мұғалімдердің біліктілігін арттыруға, шеберлік сабақтарын ұйымдастыруға және кәсіби өсуіне жағдай жасайды. Жас мамандарға бағыт-бағдар беріп, олардың педагогикалық ортаға тез бейімделуіне, шеберліктерін шыңдап, кәсіби қалыптасуына үздіксіз қолдау көрсетеді. Кәсіподақ ұйымының төрағасы міндетін атқарған кезде ұжым мүшелерінің әлеуметтік-кәсіби мүдделерін қорғап, мектепте корпоративтік мәдениет пен ынтымақтастық атмосферасын қалыптастырған.
Педагогикалық кредосы: «Ұстаздық ету – уақытты аямау, өзгенің бағын аялау». Гүлнұр Қалымбекқызының бойындағы еңбекқорлық, жаңашылдық пен шәкіртке деген шексіз сүйіспеншілік – оның ұстаздық жолындағы жетістіктерінің басты кепілі. Ел үмітін ақтар білімді ұрпақ тәрбиелеп жүрген педагогтың еңбегі – мектептің мақтанышы.
Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай аудандық кәсіподақ ұйымы