ТӘЖІРИБЕДЕН – ТАҒЫЛЫМҒА, ЕҢБЕКТЕН – ЖЕҢІСКЕ
Ұстаздық жолдың ұзақтығы жылмен ғана өлшенбейді. Оның мәні – сол жылдардың ішінде қанша шәкіртке білім беріп, қанша жас маманға бағыт көрсетіп, өз ісіңе қаншалықты із қалдырғаныңда. Ақтөбенің Мәртөк ауданындағы №2 мектеп-гимназиясының орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Қауменова Сұлушаш Қуандыққызы еңбек жолы осы тұрғыдан алғанда мазмұнды да нәтижелі.
Сұлушаш Қауменова еңбек жолын 1990 жылы Мәртөк ауданының Жаңатаң орталау мектебінде бастап, 1994 жылдан бері №2 Мәртөк мектеп-гимназиясында қызмет етіп келеді. Осы жылдар ішінде пән мұғалімімен қатар директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары ретінде де еңбек етіп, мектептің оқу-тәрбие үдерісін ұйымдастыруға атсалысты. Бүгінде 36 жылдық еңбек өтілі бар тәжірибелі педагог өз ісіне қалыптасқан дағдымен емес, үнемі ізденіс арқылы қарайтын ұстаз ретінде танылып отыр.
Оның кәсіби ерекшелігі – тәжірибесін жинақтап қана қоймай, оны өзгелердің пайдалануына жарайтын әдістемелік еңбекке айналдыра білуінде. Сұлушаш Қауменова орыс тілі мен әдебиетін оқытудың тиімді жолдарына арналған бірқатар оқу-әдістемелік құралдардың авторы. 2019 жылы «Нетрадиционные формы обучения русскому языку», «Сборник суммативного оценивания для 5–8 классов», «Русский язык» электронды ортасы жарық көрсе, 2025 жылы «Речевая деятельность и культура речи на уроках русского языка и литературы» авторлық бағдарламасы және «Использование дидактического материала на уроках русского языка и литературы» әдістемелік еңбегі әзірленді. Бұл еңбектерден мұғалімнің өз пәнін оқытудағы ізденісі мен практикалық тәжірибені жүйелеуге деген талпынысы байқалады.
Сұлушаш Қауменованың кәсіби біліктілігі педагогикалық олимпиадалардағы нәтижелерімен де дәлелденіп келеді. Орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері арасындағы облыстық педагогикалық олимпиадада 2019 жылы І орын, 2022 жылы ІІІ орын, 2025 жылы ІІ орын иеленуі – оның өз пәнін терең меңгергенін ғана емес, педагог ретінде үнемі кәсіби дамуға ұмтылатынын көрсетеді.
Ұстаз еңбегінің нақты нәтижесін шәкірттерінің жетістіктерінен де көруге болады. Сұлушаш Қауменованың жетекшілігімен оқушылар облыстық және республикалық олимпиадаларда жүлделі орындардан көрініп жүр. Әсіресе, соңғы жылдары шәкірттерінің олимпиадалардағы нәтижелері жоғары деңгейде көрініп келеді: республикалық олимпиаданың облыстық кезеңінде бірнеше мәрте жүлделі орындарға ие болды. 2024 жылы Аружан Алдажарова облыстық кезеңде І орын алып, республикалық кезеңде ІІІ орынға ие болса, 2025 жылы облыстық кезеңде тағы да І орыннан көрінді.
Осы шәкірттердің арасынан бүгінде ұстазының еңбегін ерекше айғақтайтын есімнің бірі – Аружан Алдажарова. Мектепті «Алтын белгімен» аяқтап, республикалық пән олимпиадасында жүлдеге ие болған Аружан SAT және IELTS емтихандарынан жоғары нәтиже көрсетіп, жеке экономикалық жобалармен айналысты. Білімге деген ізденісі мен жинақтаған тәжірибесі оны АҚШ-тағы Стэнфорд университетіне алып келді. Аружанның олимпиадалық дайындығында ұстазы Сұлушаш Қауменованың жетекшілігі маңызды орын алды.
Ұстаздың білім беру саласындағы еңбегі ескерусіз қалған жоқ. 2024 жылы Оқу-ағарту министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталды.
Сұлушаш Қауменованың 36 жылдық еңбек жолына көз жүгірткенде, оның кәсіби қызметінің өзегінде бірізділік барын аңғаруға болады: пәнін терең меңгеру, іздену, тәжірибесін толықтыру және сол білімді шәкірт нәтижесіне айналдыру. Мәртөк мектебіндегі 32 жылдық қызметі оның осы ұстанымға адалдығын көрсетеді.
Бүгінде Сұлушаш Қауменова – тәжірибесі қалыптасқан, әдістемелік қоры мол, шәкірт нәтижесімен еңбегін дәлелдеп келе жатқан ұстаз. Оның педагогикалық жолы ұстаздық еңбекті сөзбен емес, іспен дәлелдеп, кәсіби жауапкершілікті алдыңғы орынға қоятын ұстаздың болмысын танытады.
-
Фотографии
-