ЕҢБЕГІ ЕЛЕНГЕН ЕКІ ҰСТАЗҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ
Бүгін Әлия Молдағұлова атындағы халықаралық әуежайда Әйтеке би ауданындағы Комсомол жалпы білім беретін мектебінің ұстаздары — «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағының иегері Жанар Бейбітқызы Жұмахметова мен Оқу-ағарту министрлігінің «Білім беру саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталған Райгүл Орынбайқызы Кусегенованы әріптестері, кәсіподақ өкілдері және туған-туыстары салтанатты түрде қарсы алды.
Жиынға жиналғандар қос ұстазды айтулы марапаттарымен құттықтап, ақжарма тілектерін білдірді. Әріптестері олардың ұстаздық жолдағы еңбегін атап, қуаныштарын бөлісті.
Жанар Жұмахметова еңбек жолын 2000 жылы бастап, 2011 жылдан бері Комсомол мектебінде қызмет етіп келеді. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, әрі директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары ретінде білім сапасын арттыруға және шәкірт тәрбиесіне елеулі үлес қосып келеді. «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағын оған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада өткен республикалық тамыз конференциясы аясында табыстады.
Райгүл Кусегенова педагогикалық еңбек жолын 1991 жылы Талдысай орта мектебінде бастауыш сынып мұғалімі болып бастаған. Кейін М.Жұмабаев атындағы орта мектепте ұстаздық қызмет атқарып, директордың әдістемелік және тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарды. 2024 жылдан бері Комсомол жалпы білім беретін мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып еңбек етіп келеді.
Бұл — ел алдындағы еңбегі еленген қос ұстазға көрсетілген ерекше құрмет. Ұстаз еңбегінің бағаланып, шәкірттері мен әріптестерінің ыстық ықыласына бөленуі үлкен марапаттың жалғасы.
-
Фотографии
-