МҮМКІНДІКТІ ЖЕТІСТІККЕ АЙНАЛДЫРҒАН ЖАС ҰСТАЗ
Алдына айқын мақсат қойып, үнемі ізденіс үстінде жүріп, шәкірттеріне сапалы білім мен саналы тәрбие беруді басты ұстаным еткен жас ұстаздардың бірі — Гаухар Төреханқызы.
Гаухар Төреханқызы 2002 жылдың 8 мамырында дүниеге келген. Қазіргі таңда Ақтөбе облысының Ырғыз ауданындағы Қалыбай негізгі орта мектебінде математика пәнінің мұғалімі қызметін атқарып келеді.
Жас ұстаздың кәсіби жолындағы әр қадамы ізденіспен астасып келеді. Білім беру саласындағы жаңа бағыттарға ден қойып, жасанды интеллект мүмкіндіктерін зерделеуге арналған аудандық семинарларға белсенді қатысуда. Осындай басқосулар арқылы тәжірибесін толықтырып, заманауи үрдістерді меңгеруге талпынып жүрген Гаухардың еңбегі алғыс хаттармен де атап өтілген.
Гаухардың ұстаздық жолындағы жетістіктері де аз емес. Ол аудандық «Педагогикалық идеялар фестивалі» байқауында III орын иеленіп, облыстық кезеңге жолдама алды. Сондай-ақ аудандық «Математикалық регата» байқауында II орын алып, облыстық кезеңге қатысты. Ал, аудандық «Дарынды балаларға – талантты ұстаз» байқауында I орын иеленуі оның педагогикалық ізденісі мен кәсіби шеберлігінің айқын көрінісі. Байқаудың облыстық кезеңінде де белсенділік танытып, алғыс хатпен марапатталды.
Ұстаздық қызметін спортпен ұштастырып жүрген Гаухар Төреханқызы волейбол және тоғызқұмалақ спорт түрлеріне де белсене қатысады. Түрлі жарыстарда мектеп намысын абыроймен қорғап, облыстық деңгейдегі спорттық сайыстарда өз шеберлігін көрсетіп келеді.
Жас болса да, талпынысы биік, ізденісі мол, мақсаты айқын ұстаз. Гаухар үшін ұстаздық тек білім берумен шектелмейтін, шәкірттің бойындағы қабілетті танып, оны дамытуға бағытталған үлкен жауапкершілік.
Жастық жігерін біліммен ұштастырып, үнемі ізденіс үстінде жүрген Гаухардың алдағы уақытта да биік белестерді бағындырып, ұлағатты ұстаз ретінде шәкірттеріне үлгі боларына сеніміміз мол.
Ақтөбе облыстық ұйымы