БІЛІМ МЕН ТӘРБИЕНІҢ АЛТЫН БЕСІГІ
1936 жыл – Ақтөбе облысы Хромтау ауданы Қарлау ауылында білім шырағы жағылған тарихи жыл. Сол кезеңде ауыл балаларына сауат аштырып, білімнің алғашқы негізін үйрететін шағын бастауыш мектеп бой көтерді. Содан бері тоқсан жылға жуық уақыт ішінде бұл қарапайым білім ошағы талай буынның өмір жолына бағыт-бағдар берген, ауылмен бірге тыныстап, ауылмен бірге түлеген қасиетті шаңыраққа айналды.
Мектеп тарихын жылдар тізбегімен ғана өлшеу мүмкін емес. Оның әр белесінде бір әулеттің үміті, бір ұстаздың еңбегі, бір шәкірттің арманы жатыр. Қарлау мектебінің табалдырығын аттаған әр бала үшін алғашқы қоңырау, алғашқы ұстаз, алғаш қолға алған әліппе – жүректе сақталатын ерекше естелік. Осы қара шаңырақтан қанаттанған талай шәкірт елге қызмет етіп, әр салада өз ізін қалдырды.
Тоқсан жыл уақыт таразысында аз мерзім емес. Осы аралықта қоғам да, заман да өзгерді. Алайда мектептің ең басты мұраты – ұрпаққа сапалы білім мен тағылымды тәрбие беру – өзгеріссіз қалды. Әр дәуірде мектеп қабырғасында еңбек еткен ұстаздар өз кәсібіне адалдық танытып, ауыл баласының білімге деген қызығушылығын оятуға бар күш-жігерін арнады. Ұстаздардың маңдай тері мен жүрек жылуы мектептің рухани шежіресіне айналды.
Қарлау мектебінің өмірінде ұжымдық татулықтың да орны айрықша. Әсіресе, кәсіподақ мүшелерінің өзара сыйластығы мен ауызбіршілігі – мектептегі ынтымақтың берік тірегінің бірі. Қуанышты да, қиындықты да бірге бөлісіп, әріптесіне қолдау көрсету, ортақ іске жауапкершілікпен қарау – ұжымның жарасымды дәстүріне айналған. Кәсіподақ мүшелерінің ұйымшылдығы мен белсенділігі еңбек ұжымының әлеуметтік-тұрмыстық, мәдени шараларында да айқын көрініс тауып келеді. Бұл – бір шаңырақ астында еңбек етіп жүрген жандардың кәсіби ғана емес, адамдық тұрғыдан да бір-біріне жақын екенін аңғартады.
Мектеп тарихындағы елеулі жаңалықтардың бірі – 2021 жылы Қарлау ауылында 40 орындық жаңа бастауыш мектеп ғимаратының пайдалануға берілуі. Бұл игі іс білімге жасалған инвестиция ғана емес, кейінгі ұрпаққа қалдырылған тағылымды өнеге.
Бүгінде Қарлау бастауыш мектебі өткенін ардақтап, бүгінін бағамдап, ертеңіне сеніммен қарайтын білім ордасы. Мектептің әр жылында ауылдың тынысы, елдің тағдыры, ұрпақтың үміті бар. Бүгінгі ұжымның ауызбіршілігі мен өзара қолдауы осы сабақтастықтың жалғасы іспетті.
Қарлау мектебінің 90 жылдық мерейтойы құтты болсын! Білім шаңырағының шамы жарқырап, ұстаз еңбегі абыроймен, шәкірт арманы жеңіспен жалғаса берсін!
Ақтөбе облыстық ұйымы
-
Фотографии
-