ҰСТАЗДЫҚ ЖОЛДЫҢ ЖАРҚЫН БАСТАУЫ
Білім саласына жаңа серпінмен қадам басып, өз ісіне адалдығымен танылып келе жатқан жас мамандардың бірі – Ақнұр Абубек.
Ақнұр Абубек 2025-2026 оқу жылынан бастап Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы, Мәдениет ауылы, І.Қабылов атындағы №32 орта мектептің математика пәні мұғалімі. Математика – терең білімді, логикалық ойлауды және үздіксіз ізденісті қажет ететін пән. Ақнұр өз шәкірттеріне осы қасиеттерді қалыптастыруға бар күш-жігерін жұмсап келеді. Оның еңбегінің нәтижесі де көп күттірмей, шәкірттерінің жетістіктерінен көрініс табуда.
Ұстаздық еңбек жолын енді ғана бастағанына қарамастан, оның оқушылары түрлі математикалық олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындар иеленіп жүр. Бұл – жас ұстаздың кәсіби ізденісінің, жауапкершілігінің және оқушылармен дұрыс бағытта жұмыс жүргізе білетіндігінің айқын көрінісі. Атап айтар болсақ жалпы білім беретін пәндер бойынша математика пәнінен аудандық кезеңінен 5 сынып оқушысы Ибраһим Аянұлы ІІІ орын, «Табиғатты аяла» аудандық байқауында «Экоблогер» бағыты бойынша 7 сынып оқушысы Әбсадық Кәусар ІІІ орын, аудандық «Pro eco» байқауында «Мені қоршаған әлем- ғажайып әлем» бағыты бойынша 6 сынып оқушысы Қартаңбек Мансұр іі орын, ал Ақнұрдың өзі «Жас ұстаз: табысқа апарар жол» атты аудандық жастар форуымында «IQ Arena» танымдық сайысынан ІІ орын иеленді.
Жас маман үшін алғашқы еңбек жылы тәжірибе жинақтап, кәсіби тұрғыда қалыптасудың маңызды кезеңі. Ал Ақнұрдың аз уақыт ішінде шәкірттерін жетістікке жетелеп, өзі де түрлі сайыстарда топ жарып жүруі оның болашағынан үлкен үміт күттіретінін аңғартады. Алда әлі талай асу, талай белес бар. Жас ұстаздың мақсаты педагогикалық шеберлігін арттырып, білікті маман ретінде қалыптасу, шәкірттерінің білім додаларындағы жетістіктерін еселеу.
«Жас келсе – іске!» дегендей, жастық жігерін білімге арнап, ұстаздық жолын абыроймен бастап келе жатқан Ақнұрға шығармашылық табыс, кәсіби биіктер және шәкірттерінің толағай жетістіктерін тілейміз!
Қызылорда облыстық кәсіподақ ұйымы