ҰСТАЗ - ЖАС ҰРПАҚТЫҢ РУХАНИ СӘУЛЕТКЕРІ
Ұстаз білім беріп қана қоймай, шәкіртінің жүрегіне жол тауып, оның болашағына бағыт сілтейтін жан. Осындай жауапкершілігі мол мамандықты өмірлік жолына айналдырып, 38 жылға жуық уақытын бала оқыту мен тәрбиесіне арнап келе жатқан жанның бірі — Нұрмағанбетова Ботакөз Сқаққызы.
Ботакөз Нұрмағанбетова 1965 жылғы 20 қарашада Ақтөбе облысы Байғанин ауданы Бұлақтыкөл ауылында дүниеге келген. Білімге деген алғашқы қадамы 1972 жылы өзі туып-өскен ауылдағы мектептен басталды. Бұлақтыкөл сегізжылдық мектебін үздік аяқтап, 1982 жылы Орал қаласындағы А.С.Пушкин атындағы педагогикалық институттың физика-математика факультетіне оқуға түседі. 1987 жылы жоғары білім алып, ауылына оралған Ботакөз Нұрмағанбетова өзі білім алған мектепте ұстаздық жолын бастады. Содан бері осы қара шаңырақта табан аудармай еңбек етіп, талай шәкіртке білім мен тәрбие берді. Еңбек жолында математика-жаратылыстану пәндері бірлестігінің жетекшісі, оқу ісінің меңгерушісі қызметтерін атқарып, 2012 жылдан бері директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін абыроймен атқарып келеді.
Оның шәкірттері пәндік олимпиадалар мен түрлі білім сайыстарында жүлделі орындарға ие болып, ҰБТ-дан жоғары нәтижелер көрсетті. Бірқатары мемлекеттік білім гранттарының иегері атанып, таңдаған мамандықтары бойынша білімдерін жалғастырды. Ұстаз үшін мұндай нәтиже — көп жылғы еңбектің ең қымбат жемісі.
Ботакөз Нұрмағанбетованың педагогикалық ізденістері аудандық және облыстық семинарларда насихатталып, ғылыми-әдістемелік басылымдарда мақалалары жарық көрді. Физиканы оқытуға арналған оқу-әдістемелік құралдар мен авторлық бағдарламалар әзірлеп, әріптестерімен тәжірибе бөлісті.
Еңбегі елеусіз қалған жоқ. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің, Ақтөбе облыстық білім басқармасының және Байғанин аудандық білім бөлімінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарына ие болды.
Дегенмен Ботакөз Нұрмағанбетова үшін ұстаз еңбегінің өлшемі марапатпен ғана бағаланбайды. Оның түсінігінде ұстаз бақыты — шәкіртінің жетістігін көру, жақсы жолға түскенін білу, жылдар өткен соң алдынан шыққан шәкіртінің ыстық ықыласы мен алғысын есту.
«Ұстаздық жолды таңдағаныма ешқашан өкінген емеспін. Таңсәріден киелі орын — мектебіме асығамын», — дейді Ботакөз Нұрмағанбетова.
Бұл сөздің астарында оның мамандығына деген адалдығы ғана емес, мектебіне деген ерекше құрметі де жатыр. Өзі білім алған мектепте еңбек жолын бастап, ғұмырының ең қымбат жылдарын сол білім ордасына арнаған ұстаздың өнегелі жолы — адал еңбектің, тұрақтылықтың және өз кәсібіне деген шынайы сүйіспеншіліктің үлгісі.
Ақтөбе облыстық кәсіподағы
-
Фотографии
-