ЗАҢСЫЗ ШЕШІМГЕ ТОСҚАУЫЛ ҚОЙЫЛДЫ
Кейде бір ғана бұйрықтың артында адамның еңбек тағдыры, құқығы мен заңды мүддесі тұрады. Сарыағаш ауданындағы білім беру ұйымына қарасты білім беру мекемесінің басшысы Ж. Сабировқа қатысты осындай жағдай орын алды. Мектеп басшысының еңбек демалысы белгіленген мерзімінен бұрын тоқтатылып, артынша еңбек шарты бұзылған.
Өзінің еңбек құқықтарының сақталуына күмән келтірген кәсіподақ мүшесі тиісті көмекке жүгінді. Мәселе кәсіподақ назарынан тыс қалмай, Мемлекеттік еңбек инспекциясының тексеруіне негіз болды.
Тексеру нәтижесінде қызметкерге 2026 жылғы 1 шілде мен 27 тамыз аралығына кезекті ақылы еңбек демалысы берілгені анықталды. Алайда 7 шілдедегі бұйрықпен демалысқа қатысты алдыңғы бұйрықтың күші тоқтатылған.
Еңбек инспекциясы бұл ретте маңызды жайтты көрсетті: жыл сайынғы ақылы еңбек демалысын өндірістік қажеттілікке байланысты үзу жұмысшының жазбаша келісімімен ғана жүзеге асырылуы мүмкін. Ал қызметкердің демалыстан шақырылуы және жұмысқа қайта шығуы тиісті тәртіппен рәсімделмеген.
Бұдан бөлек, қызметкерді жұмыстан босату кезінде де заң талаптары сақталмаған. Жұмыс берушінің 10 шілдедегі №55-жқ бұйрығымен еңбек шарты бұзылғанымен, оның негізінде көрсетілген Еңбек кодексінің 49-бабының 3-тармағы Кодексте көзделмегені анықталды.
Сондай-ақ Еңбек кодексінің 54-бабы бойынша қызметкер демалыста жүрген кезеңде жұмыс берушінің бастамасымен еңбек шартын бұзуға, заңда арнайы көрсетілген жағдайларды қоспағанда, жол берілмейді. Осыған байланысты Мемлекеттік еңбек инспекциясы бұл бұйрықтың Кодекс талаптарына қайшы екенін және жарамсыз деп танылуға жататынын көрсетті.
Алайда бұл істе тағы бір маңызды мәселе бар. Ж. Сабиров – кәсіподақ мүшесі. Ал қолданыстағы 2024–2026 жылдарға арналған Салалық әлеуметтік әріптестік туралы келісім мен ұжымдық шарт талаптарына сәйкес, кәсіподақ мүшесімен жұмыс берушінің бастамасы бойынша еңбек шартын бұзу кезінде алдымен кәсіподақ ұйымы комитетінің дәлелді пікірін алу міндетті. Бірақ бұл талап орындалмаған. Яғни қызметкердің еңбек шартын бұзу рәсімінде кәсіподақтың заңмен және келісіммен бекітілген құқығы да ескерілмеген.
Тексеру нәтижесі нақты құқықтық бағаға ұласты. Мемлекеттік еңбек инспекциясы анықталған заң бұзушылықтарды жою жөнінде Мекеме басшысының атына нұсқама беріп, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылып айыппұл салынды. Бұл – мәселенің жай ғана көтеріліп қоймай, заң аясында тиісті шешімін тапқанының нақты көрінісі. Еңбек заңнамасының талаптарын бұзуға жол берілмейтіні және қызметкердің құқықтары заңмен қорғалатыны тағы бір мәрте дәлелденді.
Бұл – кәсіподаққа мүше болудың нақты мәні мен күшінің көрінісі. Еңбек құқығы бұзылған сәтте кәсіподақ мүшесі жалғыз қалмайды. Түркістан облыстық кәсіподақ ұйымы әрбір өтінішке құқықтық тұрғыдан баға беріп, еңбек адамының заңды мүддесін қорғау үшін тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп жұмыс жүргізеді.
Заңсыз шешімге – құқықтық тосқауыл, еңбек адамына – кәсіподақтық қорған! Себебі әділ еңбек қатынастары мен заң талаптарының сақталуы – кәсіподақ қызметінің басты бағыты.
Түркістан облыстық ұйымы