БІЛІМГЕ БАСТАР ЖАҢА ЖОЛ
Білім күніне орай Жамбыл облысында 3 жаңа мектеп пен 5 жапсарлас құрылыс пайдалануға беріліп, 22 мыңнан астам бала бірінші сыныпқа барды. Білім іздеген бүлдіршіндерге есігін айқара ашқан жаңа білім ордасының бірі Жамбыл ауданында орналасқан Қостөбе ауылындағы №8 Қостөбе орта мектебі.
Сонау 1963 жылдан бастау алатын мектеп тарихы үшін бұл күн айрықша болды. Өйткені бұған дейін бастауыш мектеп деңгейінде қызмет етіп келген білім ошағы енді 100 орындық орта білім беретін мектепке айналып отыр. Бүгінде мектепте 101 оқушы білім алуда. Оларға сапалы білім алып, жан-жақты дамуына мүмкіндік беретін заманауи орта ұйымдастырылған.
Жаңадан ашылған білім ордасына Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының төрағасы Ерұлан Мағзымбеков арнайы барып, мектептің тыныс-тіршілігімен танысты. Ол оқушыларға жасалған жағдайлардың сапасын жоғары бағалап, білім беру сапасын арттыруда мұндай қадамдардың маңыздылығын атап өтті.
- Жаңа мектеп дегеніміз тек ғимарат емес, ол білікті мұғалімдер мен білімді оқушылар, дарынды шәкірттер. Балалардың енді заманауи оқу кабинеттерінде жаңа құрылғылармен зерттеу жұмыстарымен айналысуға, шығармашылық қабілеттерін шыңдауға мүмкіндіктері бар. Заманауи оқу бағдарламасы мен цифрлық ресурстар да білім сапасын жаңа деңгейге көтеруге сеп болмақ. Ал мектеп мұғалімдері мен қызметкерлерінің еңбек және кәсіби мүдделерін, әлеуметтік құқықтарын қорғау мен қолдау бағытындағы жұмыстарды кәсіподақ жүйелі түрде жалғастыра береді. Осыған дейін мектепте кәсіподақ тобы жұмыс істеген болса, енді ұжым бастауыш ұйым ретінде қайта құрылып, оның мүмкіндігі де арта түспек, - деді Ерұлан Сәбенұлы.
Мектеп директоры Айжан Абдешова қонақтарға оқу кабинеттерін, пәндік сыныптарды, спорт залын, асхананы және басқа да нысандарды таныстырып, оқушыларға жасалған жағдайлар туралы айтып өтті.
Жаңа әрі заманауи оқу кабинеттері оқушылардың сапалы білім алуына қолайлы орта қалыптастырса, пәндік сыныптар ғылымға, ізденіске деген қызығушылықты арттыра түспек. Ал спорт залы балалардың саламатты өмір салтын қалыптастыруға жол ашса, асханада оқушылардың дұрыс әрі сапалы тамақтануына қажетті жағдай жасалған.
Жамбыл облыстық ұйымы.
-
Фотографии
-